Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде өндірістің өсуі байқалады

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінде өндірістің өсуі байқалады

9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында жиынтық көрсеткіші 6,2% болатын оң динамика байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Ол металлургияда, машина жасауда, химия өнеркәсібінде, құрылыс материалдары өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте және өңдеу өнеркәсібінің тағы 11 саласында өндірістік көрсеткіштер өскенін атап өтті.

«Металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,3%-ға ұлғайды. Оң динамика негізінен отандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі», – деп түсіндірді Ерсайын Нағаспаев.

Ведомствоның мәліметінше, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі көлік құралдары, ауыл шаруашылығы техникалары, сондай-ақ жабдықтардың әртүрлі шығарылымының өсуіне байланысты 14%-ға артты.

Химия өнеркәсібінде натрий цианиді, полипропилен, аммофос және аммоний нитраты өндірісінің өсуіне байланысты өндіріс көлемі 9,6%-ға өсті.

Құрылыс материалдарының өндірісі тауарлық бетон, құрылыс ерітінділері, әк, отқа төзімді бұйымдар, цемент және бетон конструкцияларының көлемінің өсуіне байланысты 4,7%-ға өсті.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 9,4%-ға өсті.