2024 жылғы 5 шілдеде мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Конституциялық заңына қол қойды. Бұл саяси шешім мемлекет басшысының сот жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған әрекетін білдіреді.
Осылайша, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап елде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерге мамандандырылған үш дербес және тәуелсіз кассациялық сот жұмысын бастайды.
Жаңадан құрылатын соттар сот жүйесінің соңғы шешімді қабылдайтын буыны болады.
Сонымен қатар, кассациялық соттардың енгізілуімен Жоғарғы Соттың рөлі өзгереді — ол сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылық мәселелерін зерделеуге шоғырланады, бұл сот жүйесінің орнықты дамуы үшін сөзсіз маңызды.
Сот төрелігін тікелей жергілікті және кассациялық соттар жүзеге асыратын болады.
Бірқатар заңдарға, оның ішінде Қылмыстық-процестік, Азаматтық іс жүргізу және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
Енгізілетін өзгерістер азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық сатыда алдын ала қарау кезеңін алып тастауды көздейді. Азаматтар сот актісін қайта қарау туралы өтініш емес, бірден кассациялық шағым береді. Мұндай тәсіл азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдетіп, әрбір адамның істің бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қаралу құқығын қамтамасыз етеді.
Бөлек кассациялық соттарды құру істерді қараудың тиімділігі мен объективтілігін арттыруы тиіс. Сонымен қатар, кассациялық соттарда істерді қарау мерзімі алты айдан аспайтын болады, бұл да азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігіне және қоғам тарапынан сенімді арттыруға оң әсер етеді.
Енгізілген түзетулерге сәйкес, кассациялық соттар келесі өкілеттіктерге ие болады:
істер мен материалдарды кассациялық сатыда қарау;
сот тәжірибесін зерделеу және оны жинақтау нәтижелері бойынша төменгі сот инстанциялары сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтау мәселелерін қарау;
заңмен көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Кассациялық соттар 1 шілдеден бастап жұмысын бастайтын болғандықтан, кассациялық сот судьясы лауазымына үміткерлерге қойылатын талаптар өзекті мәселе болып отыр.
Осылайша, Заңның 4-1-тармағына сәйкес, кассациялық соттың судьясы бола алатын азамат – Заңның 29-бабының 1-тармағында көзделген талаптарға сай келетін, заңгерлік мамандық бойынша кемінде он сегіз жыл немесе судья лауазымында кемінде сегіз жыл, оның ішінде облыстық соттың судьясы лауазымында кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар адам болуы тиіс.
Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес кассациялық соттардың өкілеттіктері, құрылымы мен құрамы айқындалды.
Осылайша, Қазақстанда «толық кассация» қағидаты бойынша кассациялық соттарды құру – сот жүйесін жетілдіруге, сот төрелігінің тиімділігі мен сапасын арттыруға, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды тұлғалардың мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Асхат Дүйсенбаев,
Сот әкімшілігінің Қостанай облысы бойынша
департаменті басшысының орынбасары
