Бұл мәселе Ереванда Қазақстан мен Армения өкілдерінің кездесуінде талқыланды. Нақты шешім әзіргеқабылданған жоқ. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті деп хабарлайды kaz.inform.kz.
Ереван қаласында БҰҰ-ның Биологиялық әртүрлілік туралы конвенциясы Тараптарының 17-ші конференциясы (COP17) аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Армения Республикасының Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Давид Худатянмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, қалдықтарды бөлек жинау, сұрыптау және қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ осы салада заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктері бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және электр көлігін дамыту, оның ішінде электр көлігін пайдалануға арналған инфрақұрылымды кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға көлік құралдарының тигізетін жүктемесін азайту мәселелері қарастырылды.
Атап айтқанда, жекелеген табиғат қорғау аумақтарына іштен жану қозғалтқыштары бар автокөліктердің кіруін шектеу және келушілер үшін экологиялық қауіпсіз баламалы қозғалыс тәсілдерін дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Мұндай тәсілдер атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін азайтуға, табиғи экожүйелерге түсетін жүктемені төмендетуге және тұрақты экологиялық туризмді дамытуға ықпал етуі мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған мәселелер бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделілік білдірді.
