Астанада өтіп жатқан Халықаралық форум аясында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов пен Ресей Федерациясы Энергетика министрінің орынбасары Петр Конюшенконың екіжақты кездесуі өтті.
Тараптар Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы энергетика саласындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде екенін растап, оны одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдірді.
Кездесу барысында электр энергетикасы, мұнай-газ кешені, мұнай химиясы,сондай-ақ перспективалы инфрақұрылымдық және технологиялық жобалар бойынша ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Ерекше назар бірлескен өндірістік қуаттарды дамытуға, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, цифрландыруға және өңірлік энергетикалық жүйелердің тұрақтылығын арттыруға аударылды.
