Қостанай облысы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Экономикасы мен өнеркәсібі әлеуетті. Өңірде сауда көлемі өсуде. 2024 жылы бөлшек сауданың өсімі 11,7% (691,2 млрд теңге), көтерме сауданың өсімі 10,4% (1 165,8 млрд теңге) болды.
Ішкі сауда көрсеткіштерінің оң серпіні байқалуда, ол 12,0% артып, 1,8 трлн теңгеге жетті (2023 жылы – 1,6 трлн теңге).
Облыстың сыртқы сауда айналымы 4,7 млрд АҚШ долларына тең. Тауар айналымы құрылымында экспорттық жеткізілімдер 33,8% болса, импорттық операцияларға 66,2% шақ келеді.
Бұл ретте, облыстың экспорты 1,6 млрд АҚШ доллары, импорт 3,1 млрд АҚШ долларына жетті.
Облыста шетелдік қатысуы бар 1175 кәсіпорын қызметін жүзеге асырады. Өңір экономикасы тұрақты өсуді көрсетіп отыр және оның одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Осылайша, өткен жылы өңірдің өнеркәсіп секторында жалпы инвестиция көлемі 136 млрд теңгеге тең болды, 1,5 мың жұмыс орны ашылатын 9 негізгі жоба пайдалануға берілді, бұл дегеніңіз – машина жасау, металлургия, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешендегі жобалар.
Мысалы, автомобиль жасау секторында өнеркәсіптік кооперация шеңберінде жоғарыда аталған жобаларды іске асыру барысында отандық өндірушілер («СарыарқаАвтоПром» ЖШС) ынтымақтастыққа Чехиядан «Skoda» (Шкода), Қытай Халық Республикасынан «HONGQI» (Хонгчи), Өзбекстан Республикасынан «Узавтосаноат» компанияларын шетелдік өнеркәсіптік концерндер ретінде тартты, инвестицияның жалпы көлемі 38,7 млрд теңгені құрады. Жалпы өндірістік қуаттылығы – жылына 50 мың автокөлік және 650 жұмыс орны ашылды.
2025 жылы инвестицияның жалпы көлемі 286,8 млрд теңгені құрайтын және 3,4 мың жұмыс орны ашылатын 9 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда, оның ішінде ең ірі жобалар өңір үшін басым сала болып саналатын машина жасау мен металлургияда іске асырылатын болады.
Осылайша, өңірдің экономикалық дамуы үшін елеулі оң әсер ететін және экспорттық әлеуетті арттыруға ықпал ететін толық циклді KІА автомобильдерін шығаратын жаңа зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі 90,0 млрд теңгені құрайды, өндірістік қуаты жылына 70 мың автомобиль және 1 500 жұмыс орны ашылады.
Автомобиль жасау секторындағы тағы бір маңызды жоба – бұл автокомпоненттерді өндіру жөніндегі Жергіліктендіру орталығын («TEHNOPARK KZ» ЖШС) салу жөніндегі жоба, ол өнімдерді негізінен қазақстандық автомобиль зауыттарының конвейерлеріне, оның ішінде жоғарыда аталған KІА зауытына жеткізуге бағытталатын болады.
Бұл жоба шағын және орта бизнес субъектілері арасынан осы объектінің алаңында отандық өндірушілерді орналастырудың айрықша ерекшелігі болатын шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Аталған жобаны іске асыру импортты алмастыруға және жергіліктендіруді тереңдетуге бағытталған.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы металлургия саласында 2 жобаны іске қосу жоспарлануда («KamLit KZ» ЖШС): жетекші белдіктердің басты берілістерін өндіру және жүк автомобильдеріне арналған жетекші белдіктердің арқалықтарын өндіруді тереңдетіп жергіліктендіру, өндірістік қуаты жылына 74 мың редуктор және жүк автомобильдеріне арналған 90 мың арқалық, жалпы инвестиция көлемі 160,5 млрд теңге және 650 жұмыс орны ашылады.
Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде өндіріс көлемін ұлғайтумен қатар, тауарлардың жаңа номенклатурасының пайда болуына байланысты өндірілетін өнім желісі кеңейетінін айта кету керек.
Сондай-ақ, алдағы жылдары өңір аумағында металдарды терең өңдеу және өңірдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту саласында 3 перспективалы жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өткен жөн.
Мұндай жобаларға өндірістік қуаттылығы 4 млн тонна, құны 920 млрд теңге, 1,1 мың жұмыс орны ашылатын ыстық брикеттелген темір өндіру зауытын («ССКӨБ» АҚ) салу жөніндегі жоба жатады.
Келесі жоба – өндірістік қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін өнім өндіретін болат дайындамасын өндіретін болат балқыту зауытын («Caspian STEEL QZ» ЖШС) салу жобасы, жобаның құны 308 млрд теңге, 600 жұмыс орны ашылады.
Жоғарыда аталған жобалар шикізатты өндіру мен өңдеуден бастап дайын өнімді сатуға дейінгі толық технологиялық циклды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Өндіріс көлемін және өндірілетін тауарлар ассортиментін ұлғайту қажетті логистикалық компонентті қамтамасыз етуді талап етеді.
Осыған байланысты, Қостанай қаласының аумағында құны шамамен 52 млрд теңге, қуаттылығы жылына 400 мың контейнер болатын және 700 жұмыс орны ашылатын «құрғақ порт» көліктік-логистикалық кешенін салу жоспарлануда.
Өңірдің тиімді экономикалық-географиялық орналасуын ескере отырып, аталған жоба халықаралық логистикалық хаб құруға мүмкіндік береді.
Жалпы, облыс бойынша жалпы инвестицияның көлемі 2,3 трлн теңгеден асатын және 10,5 мың жұмыс орны ашылатын 45 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды.
Қостанай облысы экономиканың түрлі салаларына инвестиция салу үшін перспективалы өңір болып табылады, географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы, бай табиғи ресурстары және белсенді дамып келе жатқан өнеркәсіптік секторы облысқа әлеуетті инвесторларды тартуға ықпал етеді.
Арман ӘБЕНОВ,
Қостанай облысы әкімінің орынбасары