23 июня, 2025
«Қазақ тілі өмірімнің бір бөлігіне айналды» дейді қостанайлық студент

«Қазақ тілі өмірімнің бір бөлігіне айналды» дейді қостанайлық студент

30 сәуір күні Астана қаласында өткен «Қазақстанның үздік 100 студенті» байқауында топ жарған Қостанай гуманитарлық колледжінің 4 курс студенті Алёна Блинова Білім және ғылым министрінің алғыс хатына ие болды.

Бүгінгі таңда ел болашағы білімді, мақсаткер әрі белсенді жастардың қолында екені айқын. Осы сенімді нақты іспен дәлелдеп жүрген жоба – «Қазақстан топ 100 студенті» байқауы. Бұл байқау – еліміздің әр өңіріндегі дарынды, қоғамдық белсенді, шығармашылық әлеуеті жоғары студенттерді танып, олардың дамуына жол ашатын үлкен мүмкіндік алаңы.

Биылғы байқауда осындай білімді де білікті жастардың қатарынан табылған шәкіртім – Алёна Блинова. Ол – «Негізгі орта білім берудегі тіл мен әдебиетті оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы оқиды. Оның бұл байқаудағы жеңісі – мен үшін ғана емес, бүкіл оқу ордасы үшін зор мақтаныш.

Алёна – ерекше тағдыр иесі. Удмурт ұлтынан шыққанымен, қазақ ауылында өсіп, қазақ мектебінде білім алған. Қазақ тілін бала кезінен еркін меңгеріп, оны жүрегімен сезіне білген жан.

«Мен үшін қазақ тілі – тек пән емес, ол – менің өмірімнің бір бөлігіне айналған тіл. Осы тілді сүю мен түсінуді маған ауылым мен мектептегі ұстаздарым үйретті», – дейді Алёна.

9-сыныпты бітірген соң, көп ойланбастан қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болуды мақсат етіп, біздің колледжге оқуға түсті. Қазіргі таңда ол – ұлттық құндылықты ардақтай отырып, қазақ тілін насихаттап жүрген жас мамандардың бірі. Алёнаның табандылығы, еңбекқорлығы, тілге деген шынайы құрметі мен шығармашылық ізденісі – болашақ маманға лайық сипаттар.

«Үздік 100 студент» байқауында Алёна өз жетістіктерін тек білім саласымен ғана емес, қоғамдық өмірдегі белсенділігімен де дәлелдей білді. Ол байқау барысында қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету бойынша тиімді әдістерін ұсынды. Сонымен қатар, өзінің осы саладағы жеке тәжірибесін, ұстанымын әсерлі түрде жеткізді.

«Қазақ тілін үйрену – мен үшін міндет емес, жүректің таңдауы болды. Енді өзге жастарға да осы тілді сүйіспеншілікпен жеткізу – менің өмірлік мақсатым», – дейді ол.

Алёнаның бұл жетістігі – оның жеке еңбегімен қатар, ұстаздарының бағыт-бағдары мен ата-анасының қолдауының үйлесімді жемісі. Мұндай табыстар студенттің сенімін арттырып, болашаққа нық қадам басуына жол ашады.

Бұл жобаның аясында Алёна жаңа ортаға еніп, тәжірибе жинап, түрлі сала мамандарымен танысып, өзінің кәсіби бағытын нақтылай түсті. Байқаудан алған әсері мен жинаған тәжірибесі оның ұстаздық жолындағы берік тірегіне айналатыны сөзсіз.

Қазақ тілі мен әдебиеті – ұлттың рухани негізі, мәңгілік байлығы. Бұл салаға өзге ұлт өкілі Алёна Блинова секілді жастардың шынайы сүйіспеншілікпен бет бұруы – еліміздегі этносаралық татулық пен рухани тұтастықтың айғағы.

Осындай жастар – Қазақстанның болашағы үшін сенімді негіз, жарқын үміт.

            Гүлден МҰҚАШЕВА,
            Қостанай гуманитарлық колледжінің
            Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы