«Қазақ тілі мені алға сүйреп келеді»

«Қазақ тілі мені алға сүйреп келеді»

Мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері туралы жазып жүргенімізге бірталай уақыт болды. Ондағы мақсатымыз қазақ тілін үйреніп алған азаматтарды көпшілікке үлге ету, осылайша ана тілімізді насихаттау һәм дәріптеу. Ізгі ниетпен жазылған кезекті мақаламыздың кейіпкері орыс қызы Анель Пимичева.

 Анель Қостанай қаласының тумасы. Көп балалы отбасында өмірге келген. Кішкентайында ата-әжесінің қолында өскен қыз. Ата-әжесінің бағыттауымен қазақша балабақшаға барып, мемлекеттік тілде білім беретін мектепте оқыған.

 «Маған көбіне «Қазақ тілін қай жерден үйрендің?» деген сұрақты қояды. Ең алдымен қазақ тіліндегі балабақшаға бардым. Одан кейін мемлекеттік тілдегі мектепте оқыдым. Бастапқы жылдары біраз қиналдым, әсіресе мазмұндама жазу оңай емес еді. Бастауыш сыныпта үш алатынмын. Уақыт өте қатарластарыма жетіп алдым. 4,5-сыныптарға көшкенде әбден машықтандым. Нағашы атамның бағыттауымен, «Қазақ тілі болашақта керек болады» деп үйдегілер мені қазақ мектебіне берді. Тіл үйренуде атамның қолдауын көбірек сезіндім. Ол кісілер әрқашан мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын. Бала кезімде тіл үйренуде қиналған шығармын. Қазір еңбектің жемісін жеп отырмын. Қазақ тілін білу арқылы көптеген жетістікке жеттім. Мысалы, Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізіп жүрген іс-шараларға қатысып, еліміздің барлық қалаларына саяхаттадым. Қазақ тілі – ел көріп, жер тануға мүмкіндік сыйлады. Әр қаладан тілеулес достар таптым. Оқуда, жұмыста да қазақ тілі мені алға сүйреп келеді. Тіл білудің арқасында көпшіліктің құрметіне ие болдым»,-дейді Анель.

Айтпақшы, кейіпкеріміз журналистерге берген бір сұхбатында: «Мені соңғы кездері орыс ретінде қабылдамайды. Мен құжат бойынша орыспын. Бірақ, дегенмен, мені бәрі өзіміздің сары қыз дейді. Ал өзімді «қазақтың орыс қызы» деп таныстырамын», — дегені бар. Қазақ тілін қаншалықты меңгергенін осыдан-ақ аңғаруға болатындай.

Анель бұрын «Қостанай» телеарнасында жұмыс істеген. Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты және Қазақстан халқы Ассамблеясының Астана қаласындағы ғылыми-сарапшылық топ жанындағы «Жас ғалымдар клубының» тең төрайымы.

2023–2024 жылдары жергілікті телеарнада жарық көрген «Время говорить» бағдарламасын жүргізді.  «Время говорить» – ақпараттық-танымдық жоба. Мақсаты – көрерменді қазақ тілін үйренуге қызықтыру, тілді өмірдің бір бөлшегіне айналдыру. Сол бағдарламаны араға бір жыл салып, биыл жазда қайта жаңғыртуға мүмкіндік алыпты. Оқудан босай сала Қостанайға оралып, демалыста қазақ тілін үйретуге арналған жобаны жалғастырды. Толығырақ газетіміздің алдағы сандарынан оқи аласыздар.

Қымбат ДОСЖАНОВА