Аудан әкімі Мәди Ихтиляпов өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Наурызым ауданында тұрғын үй мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Биылғы мәлімет бойынша, тұрғын үй кезегінде 159 адам тұр. Биылғы 25 мамырдан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды кезекке қою процесі orken.otbasybank.kz жүйесі арқылы жүзеге асырыла бастаған.
Қазіргі уақытта осы электронды жүйеде кезектегі азаматтардың тізімін орналастыру және жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
«Әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында биыл республикалық және облыстық бюджеттер есебінен 356,9 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Қараменді ауылында жалпы көлемі 1 258 шаршы метрді құрайтын 25 пәтер сатып алу көзделген. Жобаның мердігері – «Каиргожа и К» ЖШС. Қазіргі уақытта бұрынғы жатақхана ғимаратын қалпына келтіру және оны тұрғын үйге бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл пәтерлер кейін әлеуметтік осал азаматтарға беріледі», – дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар, 2025 жылдың төртінші тоқсанында Қараменді ауылында, Победа көшесі, 1 мекенжайындағы бұрынғы жатақхана ғимаратын қайта жаңарту арқылы 1300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар аяқталған соң, ауданның жылдық тұрғын үй енгізу жоспары толық орындалмақ.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
