Тарих ғылымдарының докторы Әмір Қанапиннің туғанына 110 жыл.Ұлтымыздың сан ғасырлық тарихын, мәдениетін жетік біліп, оның келешек ұрпаққа жетуіне қалтқысыз еңбек еткен қазақ мәдениетінің жанашыры, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әмір Қанапиннің 110 жылдығына орай тағылымды ой қозғау маңызды болмақ.
«…Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт мәдениетінің дамуына қатысты өз пікірін білдірген еді. Расында, мәдениет – елдің рухани байлығы. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміздің кешегі кеңестік жүйе тұсында талай қысымға ұшырап, өз деңгейінде насихатталмай келгені де тарихтан белгілі. Бүгінде тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта өз тарихымыз бен мәдениетімізге айрықша көңіл бөліп, ел дамуы жолында өзіндік із қалдырған тұлғаларымызды тани алдық. Соның бірі – қазақ тарихы мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, өлкеміздің мақтанышы – Әмір Қанапияұлы Қанапин.
Әмір Қанапин 1913 жылы 31 желтоқсанда Қостанай облысы, Қостанай ауданының «Бірлік» ауылында (қазіргі Алтынсарин ауданындағы Сатай ауылында) Қанапия Барлыбаев деген қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Шежіре бойынша Әмір Қанапияұлының ата-тегін түгендесек, Орта жүздің бес таңбалы Қыпшақ, оның ішінде Ұзын қыпшақтан тарайтын Алтыстың Құттық руынан шыққан.
Әкесінен ерте айрылып, қиындықтың тауқыметін тартқан ол сегіз жасынан бастап Қостанайдағы балалар коммунасында тәрбиеленеді. Сол кездегі балалар коммунасы бүгінгі Қостанай қаласының орталығында орналасқан Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат. Оқуды мақсат тұтқан ол 1930 – 1932 жылдары Қостанай қазақ оқу-ағарту институтында оқып, «математика және әлеуметтік-экономикалық пәндерінің мұғалімі» деген диплом алып шығады. Алғашқы еңбек жолын жас маман 1932 жылы Таулы-Алтай автономиялық облысының Ойрот колхоз институтында қоғамдық пәндер оқытушысы болып бастайды. Үнемі ізденіс жолындағы талаптылығымен көзге түскен ол 1935 – 1938 жылдар аралығында Мәскеу мемлекеттік университетінің механика – математика факультетін аяқтайды. Университет қабырғасында оқып жүргенде биология факультетінде білім алып жүрген болашақ жары – Қанапина – Медведева Елена Анатольевнамен танысады.
Оқуды ойдағыдай аяқтаған ол 1938 жылдың қараша айынан бастап Қазақ КСР ағарту халық комиссариаты орта мектептері басқармасының бастығы, 1940 жылдың тамыз айынан Қазақ КСР ағарту халық комиссарының орынбасары болып тағайындалды.
Осы уақыттарда ол ағартушылық қызметте ғана емес, сонымен қатар саяси – қоғамдық өмірде де белсенділік танытты. Ә.Қанапин 1941 жылдың қаңтарында “Социалистік Қазақстан” (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы болды. Кейін 1942 – 1945 жылдары Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшылығы лауазымы қызметін атқарды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 1945-1951 жылдары Республиканың Комсомол басшысы болып, қазақ жастарымен бірлесе жұмыстар жасады. Ол уақыт соғыс салған ауыр зардаптар мен сызды жаралардың орны әлі жазыла қоймаған, әр үйде әкесін жоғалтқан бала, баласынан айрылған ананың зарлы үні басылмаған ауыр да қиын кезең еді. Сондықтан да жастарды жігерлендіріп, олардың рухының төмен түспеуі үшін аянбай еңбек етіп, олардың әлеуметтік жағдайларын қалпына келтіріп, бейбіт өмірдің білімді ұл-қыздарын тәрбиелеу жолында жастармен тығыз байланыста жұмыс жасады. Ол кезеңде халықтың, соның ішінде жастардың әлеуметтік жағдайы біркелкі болған жоқ. Жастардың біразы соғыстан оралмаса, кейбіреулері орта білімді азаматтар еді. Олармен тіл табысып, әр қайсысының қабілетіне қарай қоғамдық іске жұмылдыру кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені анық еді.
Республиканың саяси өміріне белсене араласқан ол 1951-1954 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1954 жылдың ақпан айынан 1955 жылға дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Әмір Қанапинге 1953 жылы КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясынан тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
Оның қоғамдық-ағартушылық қызметтегі ең жауапты кезеңі – 1955–1961 жылдары Қазақ КСР-ның Мәдениет министрі болып тағайындалған кез еді. 1958 жылы кеңестік делегация мүшесі ретінде Белгияның Брюссель қаласында өткен әлемдік көрмеге қатысады. Қазақ мәдениетінің дамуын жандандыру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген ол 1966 жылы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін «Культурное строительство в Казахстане» атты тақырыпта диссертациясын қорғайды. Бір қызығы, ғалымның игерген оқу-білімі механика – математика саласы болса да, өз ұлтының тарихы мен мәдениетіне деген құрметі оны осы саланың нағыз жанашыр маманы болуына алып келді. Нәтижесінде, ғалымның «Қазақстан мәдениеті жаңа кезеңде» (1968), Л.И. Варшавскиймен бірлесе жазған «Искусство Казахстана» (1958), А.Яндаровпен бірлесе жарыққа шығарған «Расцвет культуры казахского народа» (1977), «Развитие личности и культура» (1986) және т.б. ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Ғалымның 200-ге тарта жұмысы, соның ішінде 6 монографиясы, 16 брошюрасы, 21 ұжымдық еңбектері мен бүкілодақтық және республикалық басылымдарда жарияланған 50-ге жуық мақалалары бар.
Ғұмырының соңғы кезеңдерін оқытушылық қызметке арнаған Әмір Қанапин 1962 жылдан бастап Алматы шетел тілдері институтында, кейін КОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Оқу-ағартушылық қызметіндегі еңбегі ескерусіз қалмаған оған 1968 жылы КОКП тарихы кафедрасының профессоры ғылыми атағы берілді. Шәкірт тәрбиелеп, оқыту саласындағы үлкен еңбегі – ол жас мамандар даярлауға, ғылыми кадрларды жетілдіруге лайықты үлес қосты. Оның ғылыми жетекшілігімен 22 аспирант диссертацияларын сәтті қорғады. Атап айтсақ, Адилов Ш., Капралов В.Н., Янчук Э.Т., Садықов Т.С., Козьменко В.М., Құдайбергенов А.Н., Әбуев Қ.Қ., А.Күзембайұлы, Бекбаева Р.Н., Гришин В.С. және т.б. Ғалымның шәкірті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлының айтуынша, Әмір Қанапияұлы бойы аласа, ойы биік, үнемі көзілдірік тағып жүретін, айналасындағыларға ойлы жанарынан шуақ төгіп, ешкімге дауыс көтермейтін жайдары, жұмсақ мінезді азамат еді.
Қоғамдық өмірде үлкен еңбектер атқарған ол халықтық университеттер жұмысы бойынша республикада алғаш рет ғылыми-әдістемелік кеңес құруда бастамашы болды. 1969 жылдан ол республикалық халықтық университеттер кеңесінің төраға орынбасары, сонымен бірге бір уақытта осы университеттердің Орталық Кеңесінің мүшесі болып қызмет етті. Ұлттық университеттер Орталық Кеңесінің «Білім» атты Бүкілодақтық қоғамның Кітабына құрметпен енгізілді. «Білім» қоғамы басқармасы жанынан құрылған арнаулы кеңес республикадағы халық университеттерінің оқу жұмысын ұйымдастырып, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, көмектесу мақсатында осы университеттердің жұмыс тәжірибелерін жинақтаған кітапшалар шығарды. Осындай елеулі қоғамдық-саяси және ғылыми – педагогикалық қызметі үшін Әмір Қанапияұлы Қанапин Кеңес Одағының бес орденімен марапатталды, соның ішінде Ленин орденімен, сондай-ақ ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің, БЖЛКО ОК және тағы басқа да ұйымдардың Құрмет грамотасымен марапатталды. Кейін 1972 жылы «КСРО Жоғары мектебінің үздігі» төсбелгісімен, ал 1974 жылы «ҚазКСР Жоғары мектебінің үздік қызметкері» құрметті атағы берілді.
Ә.Қанапин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің, төрт мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Жары Елена Анатольевнамен бірге Артур және Агнесса атты екі бала тәрбиеледі. Бірақ, балалары жөнінде мәлімет кездесе бермейді. Тек қызынан туған немересі Олег Канапин журналистік салада қызмет жасап, Алматы қаласында тұрады.
Қоғам қайраткері Әмір Қанапин 1988 жылы 21 қаңтарында 74 жасына қараған шағында Алматы қаласында дүниеден өтті. Алматыдағы Кеңсай зиратында жерленген.
Әлеуметтік желі арқылы ғалымның немересі Олег Канапинмен хат алмасып, атасы жөнінде ақпарат алған сәтте ол бізге бірнеше фото-суреттерді жіберген еді. Отбасылық мұрағат қорында сақталған ғалымның фотолары бұған дейін еш жерде жарияланбады. Бүгінгі күні, ғалымның туғанына 110 жыл толуы қарсаңында қалың көпшілікке сол фото-суреттерді жариялауды жөн көрдік.
Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, ұлт мәдениетінің жанашыры, тарихшы-ғалым Әмір Қанапиннің туғанына үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанында 110 жыл толмақ. Осы орайда, ғалымның туған жерінде, мектептерде, Қостанайдың ЖОО-да ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, қаланың бір көшесіне ғалым есімі берілсе болашақ ұрпақ үшін тұлға тағылымы мен өнегелі өмір жолын тануда үлкен сабақ болар еді.
Аманжол Күзембайұлы,
тарих ғылымдарының докторы,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Қостанай өңірлік университетінің
профессоры
Нұрлыбек Елкей,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университетінің
докторанты