Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өңірдегі ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне ауылды көркейтуге шама-шарқынша қолдау көрсетуді тапсыруы құптарлық іс. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі ешқашан тасада қалмауы тиіс. Осыны басты назарда ұстап келе жатқан атқарушы билік ауыл-аудандарды аралау барысында қаперден шығарған емес. Бұл жолы облыс басшысы Қарасу ауданының тұрғындарымен кездесті.
Жиында аудан әкімі Виктор Радченко өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді. Айтуынша, қол жеткен табыс қомақты. Негізі, ауданның ілгерілеуіне егін және мал шаруашылығының септігі тиіп отыр. Мұнда күні бүгін 496 кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. 42 ЖШС және 454 шаруа қожалығы қос саланы қатар игеріп келеді.
–Биылғы сегіз айда 21,1 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Оның ішінде егін шаруашылығы саласында – 11,7 млрд. теңге, мал шаруашылығынан – 9,4 млрд. теңге түсім түсті. Жалпылай алғанда, өнім өндірудің жалпы көлемі 103,2%-ке жетті. Бұл бағытта 5,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Тек қана ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 4,7 млрд теңге салынды,–дейді Қарасу ауданының әкімі В.Радченко.
Көктемде Қарасу ауданының тұрғындарымен кездесуде облыс әкімі Қ. Ақсақалов жергілікті кәсіпорын жетекшілеріне ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау және ауданның экономикалық дамуына жаңа серпін беру мәселелерін айтқан еді. Бұдан нақты қорытынды шыға бастағандай.
Комсомол ауылындағы “Бидай-К” ЖШС жиырма жылдан бері егін өсіріп, мал бағады. Үстіміздегі жылы шаруашылық 14,5 мың гектарға дәнді-дақылдар септі. Шығымы жаман емес. Орташа өнімділік гектарына 17 центнерден келеді. Кәсіпорын Комсомол ауылын көркейту үшін үш жылдық жоспар түзген. Биыл мұнда ЖШС есебінен мешіт, балаларға арналған спорт алаңдары салынды. Сондай-ақ, бұрынғы дүкен ғимаратын қайта жөндеп, демалыс орталығына айналдырды.
– Ең бастысы, ғимарат бос тұрмауы керек. Орталыққа жастар жиі келіп,тұруы үшін қызықты ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастыру керек. Қысқасы, мұнда өмір қайнатып жатуы тиіс. Алдағы уақытта дәл осы тәрізді демалыс орталықтарын бүкіл ауылда ашу қажет, – деді облыс басшысы.
“Бидай-К” ЖШС әлеуметтік жобаларды іске асыруға 83 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бұдан бөлек, 400 қара малға арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын қолға алмақ. Жылына 2400 тонна сүт өндіруге қауқарды ферманы іске қосу үшін шаруашылық басшысы 1,2 млрд теңге қаражат қажеттігін айтады. Кешен пайдалануға 25-30 жаңа жұмыс орны ашылады. Әзірге, жер телімін рәсімдеу процесі жүріп жатыр. Мұны өңір басшысы құптап отыр. Айтпақшы, келесі жылы Комсомол ауылындағы үш көше бюджет есебінен жөнделетін болды. Елдімекенге ауыз су құбыры тартылады.
–Аудандағы басқа шаруашылық иелері “Бидай К” ЖШС-нен үлгі алуы керек. Өз кезегінде мемлекет жүйелі мәселелерді – жолдарды, жарықтандыруды, сумен жабдықтауды және т.б. шешуді қамтамасыз етеді, – деді облыс әкімі Қ. Ақсақалов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Қарасу ауданы