Жақында ғана құрылғанына 66 жыл толған Ауыл шаруашылығы колледжінде бірнеше ашық сабақ, практикалық және шеберлік сабақтары өткізілмек. Сондай-ақ, аудандағы жалпы білім беретін мектептерінің түлектері үшін кәсіптік бағдар беру кездесулері жоспарланған.
Айтпақшы, бұл колледж тың игеру жылдары мамандардың жетіспеушілігіне байланысты ашылған еді. Мұнда алғашқыда тракторшылар, комбайншылар, жөндеушілер мен слесарлар жеделдетілген оқыту жүйесіне сәйкес кәсіби білім алды. Өйткені, егін шаруашылығымен айналысатын кеңшарлардың бәрінде мамандар жағы тапшы еді.
Бүгінде колледж тек кең профильді оқу ордасына айналған. Мұнда тек механизаторлар ғана емес, басқа да мамандықтарды оқытып, үйретеді. Колледжде заманауи аудиториялар, зертханалар және ең жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген шеберханалар жұмыс істейді. Екі оқу ғимараты, жатақхана, спорт залы, ауыл шаруашылығы машиналары, тракторлары, зертханалар, автономды қазандық, гараждар, ағаш ұстасы, интерактивті жабдықтар мен 65 компьютер орнатылған он бес оқу кабинеті, ауыл шаруашылығы техникасының заманауи автопаркі бар. Инженерлік-педагогикалық құрам толық жасақталған. Оқу орнының мамандары әскери даярлыққа үйретеді, тәрбиелейді, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді.
Білім беру бағдарламаларын дайындау кезінде өңір кәсіпорындарының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің талаптары ескеріледі. Яғни, мұнда оқушылар фермерлік шаруашылық, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті тракторшы-машинист, аспаз және сылақшы мамандықтарын игереді. Колледж түлектері аудандық және облыстық өңірлердің жетекші кәсіпорындарында жұмыс істейді.
“Қазір кез келген өндіріс жұмысшы кадрлардың кәсіби сапасына мән береді. Сондықтан, кәсіптік білім мен біліктілік белгілі бір жұмысшының сипаттамасы ғана емес, әлеуметтік әл-ауқаттың кепілі, оның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің алғышарты болуы тиіс. Бізбен көптеген еңбек ұжымы жемісті жұмыс істеп келеді. Өйткені, мемлекеттік саясаттың арқасында кәсіптік білім беру жүйесі жұмысшы кадрлардың сенімді ұстаханасына айналды”, – дейді колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәлік Тикенов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Қарасу ауданы