«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аудан орталығынан басталып, ауылдарда жалғасып жатыр. Қамыстылықтар саябақтар мен жол жиектеріне ағаш көшеттерін егіп, аудан орталықтары мен ауылдардың тазалығын ретке келтіру үстінде. Ауқымды іс-шара аясында 3500 түп ағаш егілді.
Аудан орталығында тұратын танымал әнші Досбол Қашқымбаев қолына күрек алып, әріптестерімен бірге көшет отырғызды. Өнер иесі өзі тұрып жатқан өлкенің көркеюіне үлес қосуды парызы деп санайды.
-Қазақта “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген көшелі сөз бар. Асыл дінімізде де ағаш егу сауапты іс саналады.
Туған жерімізді көркейтіп, жасыл желекке айналдыру мақсатымен акцияға қатыстық», – дейді Досбол Қашқымбаев.
Бұл іс-шараға аудан басшыларынан бастап жастарға дейін атсалысуда.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ