Иесіз жануарларға арналған уақытша тұраққа арнайы барып, күнделікті тіршілігіне куә болдық. Арнаулы орын Қостанай қаласы, Нулевая көшесі 1А мекенжайында орналасқан.
Мұнда жинақталған ит-мысық стерилизациядан өтеді, құтырмаға қарсы екпе салынады, есепке алынып, жеке сәйкестендіру нөмірімен республикалық tanba.kz базасына енгізіледі. Егер, ит мекен еткен жеріне қайта босатылып жіберілетін болса құлағында сары түсті таңба болады. Бұл белгі итті кейін, қайтадан аулаудың қажет емес екенін білдіреді. Барлық процедурадан өткен иттер ел ішінде емін еркін жүре береді. Себебі, олар қауіпті емес.

«Ауланған иттер қоршаған ортаға жәйдан жәй жіберіле салмайды. Олардың кураторлары бар. Мысалы 2025 жылдың желтоқсан айында Маяковский көшесіндегі №123 үйде таңбаланған иттер аса қатыгездікпен уланды. Белка есімді ит өліп қалды. Ал Стрелка есімді итті құтқарып қалдық. Олар қоғамға бейімделген, кісіге зияны жоқ иттер еді», – дейді зооерікті.

Кейіпкерімізден «Керексіз болып қалған мысықты сіздерге өткізе аламын ба?» деп сұрадық.
«Жоқ, ешқайда өткізе алмайсыз. Қабылдайтын ондай ұйым жоқ. Сіздің үйіңіздегі жануар – сіздің жауапкершілігіңізде. Біз үй жануарларын қабылдамаймыз. Тек қана иесі жоқ, қаңғыбас жануарларға қамқорлық көрсетеміз. Мысалы, күні кеше маған мектеп мұғалімі Арыстанбеков 3 мекенжайында қара ит бос жүр деген хабарлама жолдады. Аталған мекенжайдағы коттеджде бұрын қожайыны тұрыпты. Кейін қоныс аударып, итті сол маңға тастап кеткен. Үй жануарына жауапкершілікпен қарау керек. Қажетсіз екен деп далаға қаңғыртып жіберуге болмайды», – дейді Ольга Соловьёва.

Егер иесіз ит-мысық көрсеңіз 109 немесе 102 желісіне хабарласып, өтінім қалдыра аласыз. Жауапты мекеме сіздің шағымыңызды өңдеп, жауапты ұйымға жолдайды. Айтпақшы, панажайдағы ит пен мысықтар екпе алып, стерилизация жасалған. Асырап аламын десеңіз тегін береді.
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Василий Васильев
