Пациенттер дәрі алу үшін ұзақ кезекте тұр: техникалық ақау салдарынан қызмет баяу жүріп жатыр

Пациенттер дәрі алу үшін ұзақ кезекте тұр: техникалық ақау салдарынан қызмет баяу жүріп жатыр

Жұма күні редакциямызға бір топ ардагерлер хабарласып, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәрі-дәрмекті уақытылы ала алмай жатқандарын айтты.

Іле-шала № 4 емханаға барып, оқиғаның мән-жайымен таныстық. Шағымданушылардың айтуынша, тегін дәрі-дәрмекті уақытылы алу қиынға соғып отыр. Емхананың бірінші қабатында ұзын-сонар кезек.

«Кезек күткенімізге бірнеше күн болды. Дәрі алу үшін таңнан кешке дейін кезекте тұрмыз. Орындықтар аз, ауа жоқ, қан қысымымыз көтеріліп, бірнеше адам әбігерге түсті. Бұл бірінші рет емес, жылда осылай қарбалас», – деді пациент Болат Кенешов.

Мәселені нақтылау үшін медициналық қызметтердің сапасы бойынша бас маман Наталья Серовамен тілдестік. Ол пациенттердің шағымын былай түсіндірді:

«Дәрі келген күні барлық учаскелік дәрігерлер пациенттерге хабарлама жібереді. Бір күнде барлығына беру мүмкін емес. Барлығы кезегімен, ретімен алады. Сол себепті кейбір адамдар шыдамы жетпей, шу шығарып жатыр».

Бас дәрігердің емдеу бөлімі бойынша орынбасары Ғалия Мурзалинаның айтуынша, мәселе техникалық сипатта:

blank

«Қазіргі уақытта компьютерлік бағдарламашылар жұмыс жасап жатыр. Техникалық ақаулардан барлығы дер кезінде дәрі ала алмай отыр. Пациенттер сабыр сақтап күтсе, барлығына дәрі жетеді».

Емхананың техника саласының маманы Виктор Елесеевтің сөзінше, ақау күрделі жүйелік мәселені көрсетеді:

«Негізгі проблема портал мен техникалық қолдауда. Қолдаудың төрт түрі бар және олар бір-біріне сілтеп тұр. «Қазақтелеком» мамандары да көмекке келді. Мәселе ақырындап шешілуде, бірақ дәрі алушылар саны көп болғандықтан, техникалық ақаулар орын алып жатыр. Біз бар күшімізді салып, жағдайды реттеуге тырысып жатырмыз».

Емхана басшылығы тұрғындарды сабырлы болуға шақырып, жүйелі шешім әзір болғанға дейін кезекте тыныштық сақтауды өтінді.

Дүйсенбі күнгі жағдай бойынша мәселе реттеліп келеді. Бағдарлама жұмыс істеп тұр. Кезек ретімен өтіп жатыр.

                                            Бота МАНЕТ