Орман шаруашылықтарына 25 жаңа өрт сөндіру көлігі табысталды

Орман шаруашылықтарына 25 жаңа өрт сөндіру көлігі табысталды

Жаз мезгілі басталысымен орман өрттерінің қаупі күшейетіні белгілі. Әсіресе орман қоры мол өңірлер үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Табиғаттың баға жетпес байлығын сақтап қалу үшін заманауи техника, кәсіби мамандар және тиімді басқару жүйесі қажет. Қостанай облысында осы бағыттағы жұмыстар жыл сайын күшейіп келеді.
Облыс орталығында орман шаруашылығы мекемелеріне жаңа техникалардың кілтін тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара барысында өңірдің орман қорғау қызметіне 25 жаңа өрт сөндіру автокөлігі берілді. Бұл соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды жаңғырту жұмыстарының бір бөлігі.

Кілт табыстау салтанатында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың орман қорын сақтау және көбейту мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

blank

«Президент орман алқаптарын кеңейтуді және оларды қорғауды жалпыұлттық басымдықтардың бірі ретінде белгілеп, орман шаруашылықтарын техникамен және кәсіби мамандармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Бүгінде облыстағы орман күзеті қызметкерлермен толық қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары штат саны 825 адамнан 1242 адамға дейін ұлғайып, өсім 51 пайызға жетті. Сонымен қатар сала қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 150 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін өсіп, екі есеге артты. Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 8 миллиард теңге бағытталды. Осы қаражатқа 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника сатып алынды. Нәтижесінде орман мекемелерінің техникамен қамтамасыз етілу деңгейі 76 пайыздан 90 пайызға дейін артты», – деді өңір басшысы.

Шынында да, соңғы жылдары өңірдегі орман шаруашылықтарының әлеуеті айтарлықтай артқан. Бұрын саладағы негізгі мәселелердің бірі маман тапшылығы болса, бүгінде бұл түйткіл толық шешілген. Қазіргі уақытта облыстың орман күзеті толықтай кадрлармен қамтылған.

blank

Саланың материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Соңғы үш жылда орман мекемелерін жаңғыртуға шамамен сегіз миллиард теңге бағытталған.

blank

«Биыл Әулиекөл ауданында соңғы отыз жылда алғаш рет биіктігі 35 метр болатын өрт бақылау мұнарасы пайдалануға берілді. Бұл нысан орман алқаптарын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Алдағы үш жыл ішінде өңірде тағы 20 осындай мұнара салу жоспарланған. Жоспар толық орындалған жағдайда 2028 жылдың соңына қарай облыс аумағы өрт бақылау мұнараларымен жүз пайыз қамтылады. Бүгінде өрттің алғашқы белгілерін автоматты түрде анықтайтын заманауи бейнебақылау жүйелері де кеңінен қолданылуда. Қазір облыс ормандарын бақылауға 40 камера тартылған. Олар орманмен көмкерілген аумақтың 70 пайызын қамтып отыр. Ал 2022 жылы мұндай камералардың саны небәрі сегіз болған. Үш жыл ішінде көрсеткіш бес есеге өскен. Арнайы бағдарламалық жүйе түтін немесе өрт белгілерін анықтаған жағдайда диспетчерлік орталыққа бірден хабар береді. Бұл қызметтердің оқиға орнына уақытылы жетуіне мүмкіндік жасап отыр», – деді өңір басшысы.

Қабылданған шаралардың тиімділігі нақты нәтижелерден көрінеді. Мәселен, соңғы жылдары бір орман өрті қамтитын орташа аумақ 11,4 гектардан 4,6 гектарға дейін азайған. Яғни бұл көрсеткіш шамамен екі жарым есеге төмендеген. Бұл – техникалық жарақтандырудың, цифрлық бақылау жүйелерінің және орманшылардың үйлесімді жұмысының жемісі.

blank blank

 

blank

«Бұған дейін де өрт сөндіру техникалары болды. Дегенмен олардың басым бөлігі ескірген болатын. Соңғы жылдары техника паркі жаңартылып жатыр. Міне, екінші рет жаңа арнайы көлік алып отырмыз. Жаңа техниканың артықшылықтары өте көп. Ең алдымен оның қауіпсіздік деңгейі жоғары. Мәселен, көліктің доңғалақтары арнайы қорғаныс жүйесімен жабдықталған. Қажет болған жағдайда көлік өзіне су шашып салқындатылып, техника өзін-өзі өрттен қорғауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ көліктің үстіне қосымша лафеттік оқпан орнатылған. Оның көмегімен өрт сөндірушілер жалын ошағына тым жақындамай-ақ, қауіпсіз қашықтықтан жұмыс істей алады. Бұл қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өртті тиімдірек сөндіруге жол ашады. Жаңа техниканың қуаты мен мүмкіндігі бұрынғы көліктерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұрын пайдаланған техникалардағы су ағыны шамамен 30-40 метрге дейін жететін болса, бұл көліктің мүмкіндігі одан да жоғары деп ойлаймын. Әзірге барлық техникалық сипаттамаларын толық меңгеріп үлгерген жоқпыз, бірақ алғашқы әсеріміз өте жақсы. Мұндай заманауи техниканың берілуі орман өрттерімен күрестегі жұмысымызды едәуір жеңілдетеді және төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге септігін тигізеді», – дейді орман шаруашылығының қызметкері Батырбек Алентаев.

Талғат Өтегенов Бейімбет Майлин ауданындағы «Таран» орман шаруашылығы мекемесінің басшысы. Мекеме үшін техникалық жарақтандыру тұрғысынан өте нәтижелі жыл болып отыр.

blank

«Ақпан айында өрттің алдын алу мен сөндіруге арналған шағын орман өрт сөндіру кешенін, жоғары өтімді тракторды және орман күзеті мен патрульдік қызметке арналған үш «Нива» автокөлігін алған болатынбыз. Ал осы жолы тағы да екі жаңа өрт сөндіру автокөлігінің кілтін қабылдап отырмыз. Бұл сыйымдылығы үш текше метр су тасымалдайтын заманауи «HOWO» базасындағы автоцистерналар. Мұндай техниканың берілуі орман қорғау және өрттің алдын алу бағытындағы жұмысымыздың тиімділігін едәуір арттырады. Жалпы, техника паркінің жаңартылуы – орман шаруашылығы үшін аса маңызды. Жаңа көліктердің мүмкіндігі жоғары, сенімділігі де мол. Сондықтан олардың қызметкерлердің жұмысын жеңілдетіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Біздің мекеменің қарауындағы орман қорының жалпы аумағы 19 мың 862 гектарды құрайды. Оның ішінде 9 мың 882 гектары орманмен көмкерілген жерлер. Қуаныштысы, биылғы өрт қауіпті маусымында мекеме аумағында бірде-бір орман өрті тіркелген жоқ. Бұл – орман күзеті қызметкерлерінің жауапкершілігі мен алдын алу шараларының тиімділігінің нәтижесі. Алдағы уақытта да табиғи байлығымызды сақтап, орман қорын қорғау бағытындағы жұмыстарды жоғары деңгейде жалғастыра береміз», – дейді мекеме басшысы.

Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік.

blank
default

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Сондықтан Қостанай облысында қолға алынған жұмыстар өңір ормандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ғана емес, келер ұрпаққа жасыл байлықты сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ