Ораза айт намазы оқылды

Ораза айт намазы оқылды

Бүгін бір ай бойы қасиетті рамазан айында оразалы болып, кешке жақын тарауық намаздарын оқыған жамағат айт намазына мешітке жиналды.

Он екі мүшемізді осы күнге аман-есен жеткізген Алла тағалаға пітір садақасын беріп, мінәжат еткен жандарға ауыз аштырып келген ағайын шәууал айын осылай бастайды.

“Бұл мойнымыздағы міндетті атқарып болғаннан кейін бір мұсылман, екінші бір мұсылманды айтпен құттықтау, бір-біріне қонаққа бару ағайын жұрттың амандығын тілеу, араздасып жүрген кісілердің бір-бірін кешіруі ораза айттың негізгі міндеттері болып есептеледі. Көңіліміз қалған кісілер болатын болса осы күні кешіріп, құттытаған жөн”, – дейді бұл туралы облыстық мешіттің бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет.

Мұсылман жамағатпен қасиетті айт намазын оқуды бастар алдында мұсылман мерекесімен құттықтады.

“Баршаларыңызды осы орайлы сәтті пайдалана отырып, ораза айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Алла Тағала елімізге амандық, халқымызға ауыз біршілік беріп, тасқын судың ойлы-қырлы алқаптарымызға сіңуіне нәсіп етсін. Осы судан жапа шеккен адамдарға жеңілдігін берсін. Көркем сабырлылық берсін”, – деді бас имам.

Облыстағы жағдайға байланысты барлық мешіттерде айттық шаралар болмайтынын атап өтті.

“Қазір үлкен сын сағатта тұрмыз. Мұқтаж жандардың қасында бірге болып, көмек беруіміз ләзім”, – деді Бақытбек қажы Нұрғабылұлы.

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу