Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарға жол көрсету – «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының күнделікті жұмысы. Осы орталықты басқарып отырған Тоты Әбдібекқызы Айтмағамбетова білім саласындағы тәжірибесін қоғамдық қызметпен ұштастырып келеді.
Қалалық мәслихат депутаты ретінде де тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеген ол бұл жолы «Әділет» партиясынан тағы да кандидат ретінде тіркеліп отыр. Біз Тоты Әбдібекқызымен кәсіби жолы, отбасы, депутаттық тәжірибесі және алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелестік.
– Тоты Әбдібекқызы, алдымен өзіңізді оқырманға отбасыңыз, өскен ортаңыз, балалық шағыңыз арқылы таныстырсаңыз. Қандай отбасында тәрбиелендіңіз? Ата-анаңыздан алған қандай тәлімді әлі күнге дейін өмірлік қағида санайсыз?
– 1974 жылы 26 желтоқсанда киелі Жангелдин өңірінің Торғай ауылында көп балалы отбасында дүниеге келдім. Тәрбие алған ортамның жөні бөлек. Әкем Әбдібек қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, айтулы тұлға еді. Ал анам Майра – тоғыз құрсақ көтерген «Алтын алқа» иегері, аяулы ана, шаңырақтың берекесі мен бала тәрбиесін ұстаған абзал жан. Осындай өнегелі отбасында өсіп, ата-ананың қатаң тәртібі мен мейірімін қатар көріп өстім.
Бала күнімнен жанымдағы басты үлгі тұтар адам әкем еді. Әкемнің өмір жолы, спортқа деген адалдығы мен еңбекқорлығы маған қатты әсер етті. Өзім де облыстық деңгейде осы спорт түрінен топ жарып, жеңімпаз атандым. Десе де, уақыт өте келе педагогикалық бағытқа бет бұрып, бүгінде ұстаздық жолды таңдадым және осы қасиетті мамандықты абыроймен жалғап келемін.
Отбасымыздағы ең басты құндылық – адамгершілік, адалдық және үлкенді сыйлай білу. Әке-шешем бізге әрқашан таза еңбек етуді, өз ісімізге жауапкершілікпен қарауды үйретті. Әсіресе, анамның «адамның ала жібін аттама, адал бол» деген өсиеті жүрегіме мәңгі ұялап қалды. Бұл тәлімді мен осы күнге дейін өз өмірімнің басты қағидасы санаймын. Ар-ұжданның тазалығы – адамды биікке көтеретін ең басты қасиет деп білемін.
– Қоғамдық жұмыс пен жауапты қызметті қатар алып жүру оңай емес. Отбасыңыз бұл жолда сізді қалай қолдайды?
– Рас, қоғамдық жұмыс пен кәсіби қызметті қатар алып жүру үлкен жауапкершілікті, уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бұл ретте менің ең үлкен тірегім – отбасым, жақындарым. Олар менің әрбір бастамамды түсініп, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Отбасының сенімі – кез келген қиындықты жеңіп, алға ұмтылуға күш беретін басты қуат көзі.
– Сіз үшін әйел бақыты деген не? Қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
– Мен үшін әйел бақыты – отбасының амандығы, шаңырақтың берекесі және балаларымның аман-есен жетістікке жеткенін көру. Аллаға шүкір, бүгінде тәрбиелеп өсірген екі балам да ержетіп, өз жолын тапты. Ұлым Мақсат жоғары оқу орнын тәмамдап, қазір өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр. Ал қызым Аружан Алматы қаласында қызмет істеп жатыр. Балаларымның ел қатарында абыройлы болып, қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп жатқаны – мен үшін ана жүрегін толқытатын ең үлкен бақыт. Ал қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға келсек, бұл жерде әйел адамның икемділігі, уақытты дұрыс бөле білуі маңызды. Жұмыста да, отбасында да бастысы – жауапкершілік пен махаббат. Егер жүрегіңде барлығына деген жанашырлық пен сүйіспеншілік болса, кез келген нәрсенің ретін тауып, үйлесімділік орнатуға болады.
– Еңбек жолыңызды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастадыңыз. Кейін оқытушылықтан басшылық қызметке дейін көтерілдіңіз. Осы жолдағы ең есте қалған кезеңіңіз қайсы?
– Еңбек жолымның әр кезеңі – өзінше бір үлкен мектеп. Әрине, мектеп қабырғасында ұстаздық етіп, шәкірттерге тілдің тұңғиық сырын ұғындырған алғашқы жылдар жүректе әрдайым ерекше орын алады. Балалардың көзінен білімге деген құштарлықты көру, олардың қазақ тілінде таза сөйлеп, әдебиетті сүйіп өскеніне куә болу – ұстаз үшін ең үлкен бақыт. Ал кейін басшылық қызметке келіп, ауқымды жобалардың басы-қасында жүру жауапкершілікті еселей түсті. Ең бастысы, қай қызметте жүрсем де, ұстаздық принциптерімнен айныған емеспін.
– Бүгінде басқарып отырған «Тілдарын» орталығының негізгі жұмысы қандай? Орталықта мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтардың сұранысы қалай өзгеріп келеді? Сіздіңше, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге не кедергі? Бұл бағытта әлі қандай мәселелер шешімін таппай отыр?
– «Тілдарын» орталығының басты мақсаты – мемлекеттік тілді үйренуге ниетті барлық азаматтарға сапалы, әрі заманауи әдістемелер арқылы білім беру. Бүгінгі таңда қоғамда мемлекеттік тілге деген сұраныс түбегейлі өзгерген. Тек қажеттілік үшін емес, саналы түрде, күнделікті өмірде және жұмыста еркін қолдану үшін келетін жастар мен ересектердің саны артты. Бұл – қуантарлық үрдіс. Азаматтардың тіл үйренуге деген ынтасы мен жауапкершілігі жыл сайын күшейіп келеді.
Тілдің қолданыс аясын кеңейту – кешенді жұмыс. Негізгі кедергілердің бірі – кей жағдайда тілдік ортаның жетіспеушілігі немесе теория мен практиканың арасындағы алшақтық. Сондай-ақ әр адамның жас ерекшелігіне, кәсіби бағытына сай икемді, қызықты әдістемелік құралдарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Тілді меңгеру тек сабақ уақытымен шектелмей, күнделікті өмірде, іс-қағаздарда және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қолданыс табуы маңызды. Бастысы – әрбір азаматтың ішкі сұранысы мен патриоттық сезімі қатар жүруге тиіс.
– «Тобыл» оқулығының авторысыз. Оны жазуға не түрткі болды? Қазіргі тіл үйрету әдістемесінде қандай жаңашылдықтар қажет деп есептейсіз?
– «Тобыл» оқулығын жазу идеясы жылдар бойы жинақталған педагогикалық тәжірибе мен өмірлік қажеттіликтің нәтижесінде дүниеге келді. Сабақ беру барысында оқырмандар мен тыңдаушылардың тілді меңгеру ерекшеліктерін байқап, ең қарапайым әрі тиімді тәсілдерді ұсынғым келді. Ал бүгінгі тіл үйрету әдістемесі заман талабына сай цифрлық технологиялармен, интерактивті форматтармен және коммуникативтік тәсілдермен толығуы тиіс. Тілді жаттап қана қоймай, өмірде еркін қолдана алатындай етіп үйрету – басты бағыт.
– 2023 жылы Қостанай қалалық мәслихатының депутаты болып сайландыңыз. Алғаш депутаттық мандат алған кезде алдыңызға қандай міндеттер қойдыңыз? Осы уақыт ішінде қандай мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал еттіңіз?
– Депутаттық мандат алған кездегі басты мақсатым – тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға нақты үлес қосу еді. Әсіресе, көп балалы отбасыларға, жастарға, білім беру мен тіл саясатына қатысты мәселелерді тұрақты түрде көтеріп келемін. Қала тұрғындарының арыз-шағымдары негізінде тиісті органдарға депутаттық сауалдар жолдап, көптеген түйінді түйіткілдердің оң шешімін табуына ықпал жасадық.
– Депутат ретінде тұрғындардан көбіне қандай өтініштер мен шағымдар түседі? Азаматтарды алаңдататын мәселелердің қайсысы әлі де өзекті?
– Тұрғындардан түсетін өтініштердің көбі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, аулалардың абаттандырылуына, балалар ойын алаңдарының жетіспеушілігіне, жолдардың сапасына және әлеуметтік көмек түрлеріне қатысты болып келеді. Қазіргі таңда бұл мәселелердің дені кезең-кезеңімен шешіліп жатса да, кейбір тұрғын алаптарында инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
– «Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының жұмысына да қатысып жүрсіз. Сайлаушылармен кездесулер барысында қандай ұсыныстар мен талаптар жиі айтылады?
– Тұрғындарды ең алдымен күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін мәселелер алаңдатады. Олардың қатарында әлеуметтік қолдау, тұрғын үй аулалары мен қоғамдық орындардың талапқа сай болуы, инфрақұрылымның жай-күйі, жастарға жағдай жасау және әлеуметтік қызметтердің сапасы сияқты мәселелер бар.
– Депутаттың жұмысы тек тұрғындардың өтінішін тыңдаумен шектелмеуі керек. Сіздің түсінігіңізде халық қалаулысының басты жауапкершілігі неде?
– Ұстанымым айқын: әрбір берілген уәде нақты міндетпен, жүйелі жұмыспен және орындалу нәтижесімен бекітілуге тиіс. Депутат халыққа орындалмайтын уәде бермеуі керек. Керісінше, әр мәселенің шешілу жолын, оған жауапты органдарды және жүзеге асыру мүмкіндіктерін нақты бағалауы қажет. Мәселенің шешілуі уақытты талап етсе, оның себептері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы халықты ашық хабардар ету маңызды. Сенімнің басты өлшемі – ашықтық пен жауапкершілік.
– Қалалық мәслихатқа қайтадан депутат болу үшін сайлауға түсуіңізге не себеп болды? Депутаттық жұмысты жалғастыруға қандай қажеттілік бар деп санайсыз?
– Бұл шешімге саналы түрде, қоғам алдындағы жауапкершілікті терең түсіне отырып келдім. Көпжылдық кәсіби тәжірибем мен қоғамдық жұмыстарым азаматтардың талап-тілегін түсінуге, олардың мәселелеріне жан-жақты қарауға мүмкіндік берді. Қостанай қаласының әлеуметтік дамуына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және өзекті мәселелерді шешуге нақты үлес қосу үшін депутаттыққа кандидат болуға шешім қабылдадым. Мен үшін бұл – мәртебе емес, халық алдындағы үлкен міндет.
– «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған бағдарламасында сізге ерекше жақын бағыттар қандай? Неліктен?
– Маған ерекше жақын бағыттар – білім беру, тіл саясатын дамыту, жастарды қолдау және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету. Өйткені бүкіл саналы ғұмырым осы салалармен тығыз байланысты. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және әрбір азаматтың өзін қауіпсіз, жайлы ортада сезінуі – қоғамның дамуының негізгі тірегі.
– №5 сайлау округінің тұрғындары үшін қандай мәселелерді бірінші кезекте шешу қажет деп санайсыз? Аумақтың бүгінгі жағдайын қалай бағалайсыз?
– Бірінші кезекте аумақтағы аулаларды көркейтіп, қаланың келбетін жақсарту, балалар мен спорт алаңдарын көбейту, көшелерді сапалы жарықтандыру және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту мәселелерін бірінші орынға қоямын. Тұрғындардың күнделікті өміріне жайлы жағдай жасау – біздің басты міндетіміз.
– Тұрғындардың өтінішін орындау үшін депутаттың өзі ғана емес, атқарушы органдар да жауапкершілік алуы керек. Мұндай мәселелерді шешуде қандай тетікке сүйенесіз?
– Ең негізгі тетік – ашық диалог және өзара жауапкершілік. Депутат тек мәселені көтеріп қоймай, оның орындалуын қатаң бақылауда ұстауы керек. Атқарушы органдармен бірлескен отырыстар, депутаттық сауалдар, қоғамдық тыңдаулар және халық алдындағы есеп беру форматтары – жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз ететін нақты құралдар. Егер барлық тарап ортақ мақсатқа жұмыс істесе, кез келген мәселені шешуге болады.
Сұхбаттасқан – Аслан ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
Республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.
