ОҚУ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

ОҚУ – ДЕНСАУЛЫҚТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Жыл сайын 7 сәуірде бүкіл әлемде Дүниежүзілік денсаулық күні атап өтіледі. Бұл дата 1948 жылы Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының құрылуына орай белгіленген.

1950 жылдан бастап бұл күн халық денсаулығын сақтау мен нығайту мәселелеріне назар аударуға бағытталған маңызды халықаралық дәстүрге айналды.

Денсаулық тақырыбы 2026 жылы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында Денсаулық сақтау жылы деп жариялануына байланысты ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бұл қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруда түрлі әлеуметтік институттардың күш-жігерін біріктіру қажеттігін айқындайды.

Осы үдерісте кітапханалардың рөлі барған сайын арта түсуде. Бүгінде олар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар ағартушылық қызмет атқаратын, заманауи әлеуметтік-мәдени орталықтарға айналды. Оқу мәдениеті, ақпараттық ресурстар және түрлі мәдени бастамалар арқылы кітапханалар адамға денсаулықтың маңызын түсінуге, физикалық және психологиялық әл-ауқатын сақтауға деген жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Дәл осы тұрғыда ТМД елдері кітапханаларының әлеуметтік бастамаларын біріктірген, тәжірибе алмасу мен тиімді жұмыс тәсілдерін іздеуге бағытталған «Кітап оқудың денсаулыққа пайдасы: ТМД елдері кітапханаларының әлеуметтік бастамалары» атты халықаралық онлайн-вебинар ерекше маңызға ие.

2026 жылғы 7 сәуірде Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кітапханаларды дамыту бөлімінің ұйымдастырумен «Кітап оқудың денсаулыққа пайдасы: ТМД елдері кітапханаларының әлеуметтік бастамалары» атты халықаралық онлайн-вебинар өтті. Кездесу кітапханалардың заманауи әлеуметтік-мәдени орталықтарға айналу үдерісін, олардың халықтың өмір сапасына ықпалын талқылауға арналған кәсіби алаң болды.

Вебинарды ашқан кітапхана басшысы Сания Серікқызы Безаубек сала дамуының стратегиялық бағытын айқындап, бүгінгі таңда кітапхана дәстүрлі қызмет аясынан шығып, әлеуметтік саясаттың маңызды қатысушысына айналып,

«Бүгінгі кітапхана – бұл тек оқырман қызығушылықтары қалыптасатын орта ғана емес, сонымен қатар денсаулық мәдениеті, әлеуметтік жауапкершілік пен өмірлік құндылықтар орнығатын кеңістік», – екенін атап өтті.

Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі – кітапхана қызметі арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі болды. Беларусь мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доценті Елена Юрьевна Козленко өз баяндамасында Беларусь Республикасындағы кітапханалардың тәжірибесін таныстырды. Спикер бұл бағыттағы жұмыстың әлеуметтік-мәдени тетіктерін ашып көрсетіп, ағартушылық бағдарламалардан бастап креативті жобалар мен көшпелі іс-шараларға дейінгі түрлі әдіс-тәсілдердің тиімділігін атап өтті. Сонымен қатар, кітапхана мамандарын даярлаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Әлеуметтік белсенділік тақырыбын Санкт-Петербург мемлекеттік мәдениет институтының кітапханатану және оқу теориясы кафедрасының оқытушысы, «Почтальоны добра» еріктілер бірлестігінің үйлестірушісі, Халықаралық кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелер федерациясының секция мүшесі Алёна Андреевна Катина жалғастырды. Оның баяндамасында – кітапхананың жастардың азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыратын маңызды алаң ретіндегі рөлі қарастырылды.

Жасөспірімдер мен жастармен жұмыс істеудің тәжірибелік қырларын Челябі облыстық жасөспірімдер кітапханасының директорының даму жөніндегі орынбасары Валерия Алексеевна Карпенко ашып көрсетті. Ұсынылған тәжірибелік мысалдар қазіргі кітапхананың жастардың шығармашылық бастамалары мен өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін креативті кеңістікке айналып келе жатқанын айқын көрсетті.

Кітапханалардың денсаулық сақтау саласындағы ағартушылық миссиясы Тавда қаласындағы Мәдениет, жастар саясаты және спортты дамыту орталығының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Инна Александровна Кучумова мен Троицк қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Татьяна Андреевна Штыкова баяндамаларында жалғасын тапты. Спикерлер денсаулыққа деген құндылықтық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған жүйелі ақпараттық жұмыстың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Вебинардың мазмұнды бөлімі қазақстандық тәжірибеге арналды. Атырау облысы Құрманғазы ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Құлбаева Жанаргүл Жасқайырқызы өз сөзінде кітапханалардың пайдаланушылардың психологиялық әл-ауқатын қолдаудағы рөлін атап өтіп, қауіпсіз әрі жайлы ортаның маңыздылығына ерекше тоқталды.

Халықтың түрлі санаттарымен жүргізілетін әлеуметтік-мәдени оңалту тәжірибесін Қостанай облысының мамандары ұсынды. Қостанай қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Северный» кітапхана-филиалының меңгерушісі Разья Мұхтарқызы Тасмағанбетова егде жастағы адамдармен жүргізілетін, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және мәдени өмірге тартуға бағытталған жұмыстар туралы баяндады.

Салауатты өмір салтын насихаттаудың инновациялық түрлерін Жітіқара орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Виктория Евгеньевна Тулубаева таныстырды. Ол халықты кеңінен тартудың тиімді құралы ретінде «ақпараттық десант» форматының тәжірибесін ұсынды.

Қатысушылардың ерекше назарын Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Анастасия Владимировна Степанованың баяндамасы аударды. Ұсынылған тәжірибе кітапханалардың әлеуметтік-мәдени оңалту орталығы ретіндегі және ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз етудегі маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Іс-шараның халықаралық форматы ТМД елдері кітапханалары арасындағы үздік тәжірибелермен алмасуға ғана емес, сонымен қатар кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Қатысушылар ұсынылған тәжірибенің жоғары практикалық маңызын атап өтіп, алдағы уақытта ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қазіргі жағдайда кітапхана тек ақпараттық орталық қана емес, сонымен бірге қоғамда денсаулық құндылықтарын қалыптастыратын, халықтың осал топтарын қолдайтын және тұрақты дамуға ықпал ететін маңызды әлеуметтік институт ретіндегі мәртебесін нықтап келеді.

 

 

Г. Зұлқарнаева,

Л. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының әдіскері