Өңірде кейінгі үш жылда 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынған

Өңірде кейінгі үш жылда 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынған

Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен отырыс өтіп, онда тұрғын үй құрылысын дамыту және облыс елді мекендерінің сәулеттік келбетін жаңғырту мәселелері қаралды.

Облыста тұрғын үй құрылысын қаржыландыру жыл санап ұлғайып келеді. Оған нақты мәліметтер айғақ. Тек мемлекеттік бюджеттен 2022 жылы 19,1 млрд бөлінсе, 2025 жылы ол 49,3 млрд теңгеге жетті. Жыл сайын тұрғын үй салу көлемі жоспардан асып орындалып келеді. Нәтижесінде, кейінгі үш жылда шамамен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 251  көп қабатты үй және 1809 жеке үй бой көтеріпті. Соның арқасында 14 мың 729 отбасы баспаналы болған.

«Тұрғын үй саясаты – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Президент: «Пайдалануға берілетін баспананың көлеміне ғана емес, оның қолжетімді әрі сапалы болуына назар аудару қажет», – деген еді. Заманауи, сапалы баспана ауылдық елді мекендерде де салынуда. Өткен жылы 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, оның 63,7 мың шаршы метрі ауылдық жерлерде. Жалпы алғанда, 5,4 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Баспана қолжетімді болу үшін әлеуметтік тұрғын үй салынады және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беріледі. Үш жыл ішінде 1,7 мың әлеуметтік пәтер иесін тапты. Бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз», – деді Құмар Ақсақалов.

blankЖиында аудан-қаладағы тұрғын үй құрылысы туралы ақпарат берілді. Осы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша, Денисов, Қостанай және Қамысты аудандары баспана салу жоспарының 50 пайызын орындап үлгерген. Ал, керісінше, Жітіқара, Науырзым, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында бұл бағыттағы жұмыс мүлдем орнынан жылжымапты.

«Бұл түрлеріңізбен жылдық жоспарды орындап шығатындарыңызға күмән бар. Сондықтан құрылыс маусымы бастала салысымен жұмысты мейлінше белсенділендіре түсіңіздер, – деп ескерту айтты Құмар Ақсақалов. – Біздің мақсат – облыстың барлық тұрғынына тепе-тең әрі лайықты тұрмыс жағдайын жасау. Барлық аудан-қалада тұрғын үй құрылысын әлі де дамыта беруіміз керек».

blankӨңір басшысы осыдан үш жыл бұрын иесіз үйлерді қалыпқа келтіруді тапсырған еді. Бұл үшін облыстық бюджеттен қыруар қаржы да бөлінген. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Кейінгі үш жылда 56 үй қалпына келіп, жаңартылған. Олардың отызы – көп қабатты үй. Мәселен, Рудныйда 11, Арқалықта 3, Денисов және Қамысты аудандарын қоса алғанда төрт үй қайта қолданысқа берілген. Өңір басшысы бұл көрсеткішті ұлғайта түсу керегін айтты. Сондай-ақ салаға қатысты бірқатар тапсырма берді.

«Қалалар мен аудандар әкімдері Құрылыс басқармасымен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын орындасын. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоспарланған мөлшерде тұрғын үй сатып алсын. Қала құрылысы жобаларын уақтылы және сапалы әзірлесін және түзетсін», – деген міндеттерді алға қойды облыс әкімі.

blankАйта кетейік, отырыс барысында облыстық Құылыс басқармасы басшысының, «Отбасы банк» АҚ филиалы директорының, құрылыс компаниялары басшыларының және бірнеше аудан-қала әкімдерінің баяндамасы тыңдалды. blankblankblank

Толығырақ – газеттің алдағы сандарында.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ