Жол қызметтері мұзға қарсы материалдардың қорын жинақтап, арнайы техника дайындап, жол инфрақұрылымына қажетті жұмыстарды пысықтау үстінде.
«КАЖ-сервис» ЖШС Қостанай облыстық филиалының мәліметінше, автомобиль жолдарын 2026–2027 жылдардағы қысқы пайдалануға дайындық бірнеше бағытта жүріп жатыр. Жұмысқа төрт жол пайдалану басқармасы – ЖПБ-52, ЖПБ-53, ЖПБ-54 және ЖПБ-55 тартылған.
Техниканы дайындауға және қажетті материалдар қорын жасақтауға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, 1 723 тонна көмір мен 3 769 тонна тұз дайындалды, бұл – жоспарланған көлемнің 100%-ы. Құм қоры – 7 578 тонна, яғни жоспарланған 9 040 тоннаның 83%-ы.
Автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды. Бұл кезеңде қажетті материалдардың болуына, арнайы техниканың әзірлігіне және анықталған кемшіліктерді уақтылы жоюға ерекше көңіл бөлінеді.
«Қысқы кезеңге дайындық аясында орталық мамандары дайындаған мұзға қарсы материалдарға зертханалық сынақ жүргізді. Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша, материалдар белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келеді. Орталықтың құзыреті шеңберінде көзделген барлық тексеру шарасы өтті. Жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде белгіленген талаптардың сақталуы және жолдардың жай-күйін бақылау жол инфрақұрылымын тиісті деңгейде ұстауға ықпал етеді», – деді Жол активтерінің сапасы жөніндегі ұлттық орталықтың Қостанай облысындағы директоры Абылайхан Алшынбаев.
Қысқы маусымға дайындық жалғасып жатыр. Автокөлік жолдарының қысқы күтім-бабы, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі жол қызметтерінің үйлесімді жұмысына, қажетті шаралардың уақтылы орындалуына және техниканың әзірлігіне байланысты.
