Қостанайда жүректен шыққан ерекше туындылар бір көрмеде тоғысты. «Өнер — өмір тынысы» облыстық инклюзивті көрмесі арнайы әлеуметтік қызмет алушылардың шығармашылығын көпшілікке таныстырып, өнердің адамға қанат бітіретінін көрсетті.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған көрме ерекше жандардың өнерге деген қызығушылығы мен шығармашылық мүмкіндіктерін танытты. Экспозицияға облыстың он медициналық-әлеуметтік мекемесінің қызмет алушылары, тәрбиеленушілері мен шеберлері қатысты.
Көрме төрінен алмазды мозаикадан жасалған отты тұлпар, страздармен көмкерілген силуэттік графика, кескіндемелік диптихтер, кілем-панно, оймышталған ағаш сандықтар, шаңырақ пен домбыра бейнеленген ұлттық инсталляциялар және Абай Құнанбайұлының портреті орын алды.


Әрбір туындының өзіндік тарихы бар. Бірінде — балалық қуаныш, екіншісінде — туған жерге деген сүйіспеншілік, енді бірінде — ұлттық құндылықтарға деген құрмет көрініс тапқан. Салтанатты ашылуда жобаға атсалысқан әлеуметтік қызметкерлерге, тәлімгерлерге, демеушілерге және қызмет алушылардың отбасыларына алғыс айтылды.


Көрменің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов іс-шараның мазмұнына тоқталып, әр адамның бойындағы талантты танып, оны дамытуға мүмкіндік ашудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі көрме — арнайы әлеуметтік қызмет алушылардың шығармашылық қабілетін көпшілікке танытып қана қоймай, олардың қоғамдағы өз орнын табуына, өзін-өзі танытуына және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жол ашатын маңызды бастама.
«Әр адамның бойында ашылмаған талант пен үлкен шығармашылық мүмкіндік бар. Сол қабілетті байқап, қолдау көрсетіп, дамытуға жағдай жасау — баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі көрмеде ұсынылған әрбір туынды — автордың еңбегі мен ішкі жан-дүниесінің көрінісі», — деді Құралбек Атамұратов.
Сондай-ақ ол көрменің мәдени кеңістікте өткізілуінің маңызын атап өтіп, барлық қатысушыға шығармашылық шабыт пен жаңа жетістіктер тіледі. «Өнер — өмір тынысы» — мүмкіндікті шектейтін емес, керісінше, талантты ашатын орта қалыптастыруға бағытталған жоба. Көрме арқылы көрермендер ерекше жандардың бойындағы шығармашылық әлеуетті көріп, әр адамның өнер арқылы өз әлемін жеткізе алатынына көз жеткізді.


«Бұл — бірінші рет өтіп жатқан ауқымды жоба, байқау. Біз мұны өз күшімізбен өткіздік, бірақ Мәдениет басқармасының қолдауымен бүгін бір мезгілде, осы аптада өз шығармашылығымызды, сондай-ақ қамқорлығымыздағылардың шығармашылығын барлық қала тұрғындарына, облыс тұрғындарына көрсетуге мүмкіндігіміз бар. Әрбір адам келіп көре алады, жұмыстарды тамашалай алады, шығармашылық әлеміне еніп, қамқорлығымыздағылардың бай ішкі әлеуетін білдіру мүмкіндігіне куә бола алады. Әрине, жалпы алғанда, шығармашылық — бұл олардың өзін-өзі жүзеге асыруының өте маңызды қыры. Бұл — олардың бейімделуінің, соның ішінде қоғамдық бейімделуі мен біздің қоғамдағы, мемлекетіміздегі адамдардың өзін табуының өте маңызды механизмі», — дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақова.
Бұл көрме өнерде шекара жоқ екенін көрсетеді. Өнер бәрін біріктіреді. Ал жүректен шыққан туындының тілі баршаға түсінікті. Көрме қала тұрғындарына ерекше жандардың шығармашылығын тамашалап, олардың таланты мен еңбегін бағалауға жол ашады.

Ботагөз Манет
