ӨМІРДЕН ӨТКЕНІМЕН, ӨНЕРІ ҚАЛҒАН… (Торғай-Тобыл өңіріне танымал өнерпаз – термеші, күйші Сұлтанбек қажы Молдахметов өмірден озды)

ӨМІРДЕН ӨТКЕНІМЕН, ӨНЕРІ ҚАЛҒАН… (Торғай-Тобыл өңіріне танымал өнерпаз – термеші, күйші Сұлтанбек қажы Молдахметов өмірден озды)

Жаймашуақ жаз басталғанда Арқалық қаласы мен оның маңайындағы елді мекендер тұрғындарының жүрегін сағынышқа бөлеп, көңілдерін ерекше толқытқан керемет концерт өтті. Концерттің ерекшелігі – оған осыдан жарты ғасыр бұрын Қайыңды ауылында құрылған «Аққайың» вокалды-аспапты ансамблінің негізін қалаған өнерпаздардың қатысуы еді.

Концертті ұйымдастырушы талантты өнерпаз Нұрбол Әбдіғалымов ансамбльдің байырғы мүшелерін іздеп тауып, бүгінгі жас буынмен бірге сахнаға шығаруын – әрі ардагер өнерпаздарға деген ілтипат, әрі ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі деуге болады.

Бұл концертке ансамбльдің алғашқы қарлығаштардың бірі, белгілі күйші, термеші Сұлтанбек Молдахметов те шақырылған болатын. Ол сол күндері тұяқ дүбірін естісе кермеде байланып тұра алмайтын тұлпардай боп, тыпыршып, Арқалық жаққа елеңдеп жатты.

Өйткені, кезінде облыс ақын-термешілерімен бірге  республикалық айтыстарға барып, күй тартып, ақын-жыраулардыңтерең философиялық, жоғары адами құндылықтарға толы термелерін нақышына келтіре орындап, көрерменнің ықыласына бөленген өнерпаз төсек тартып жатыр еді…

Өнерге және өмірге ғашық жүрек кеше кешке соғуын тоқтатты.

Өзі тәрбиелеп топқа қосқан қаршығасы, кезінде  Қостанай облыстық филармониясының қазақұлт-аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болған, Қазақстанның еңбексіңірген қайраткері, алыс-жақын шетелдердегі бәсі биік өнер бәсекелеріне тайсалмай түсіп, қазақтың қара домбырасының құдіретін танытқан асқан дарын иесі, дәулескер күйші, інісі Назымбектің соңынан кетті.

Сұлтанбек Молдахметов Қостанай облысы Аманкелді ауданының Қайыңды (Шилі) елді мекенінде 1948 жылы желтоқсанның 18-інде дүниеге келген. Өз ауылындағы мектептен орта білім алған соң Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылық институтының ауыл шаруашылығын электрлендіру факультетіне түсіп, оны 1971 жылы бітіріп шығады.

Еңбек жолында бірге қызмет еткен әріптестерінен сұрай қалсаңыз Сұлтанбек ағаның өз саласының мықты маманы, білгір инженер-электрик болғанын мақтанышпен айтары сөзсіз. Терең білім мен дағдыны қажет ететін электротехникалық қызметті мінсіз атқарған  маман ретінде, қиын кәсіпке баулып, соңынан көптеген ізбасар ерткен тәлімгер екенін де ілтипатпен еске алары анық. Сонымен бірге Торғай совхоз-техникумында, аграрлық-техникалық колледжінде шәкірт тәрбиелеген ұстаз,  облыс пен Арқалық қаласының электр жүйесі қалыпты жұмыс істеуіне еңбек сіңірген ардагер екендігін атап көрсетеді.

Міне, осындай, қиын салада, күрделі жағдайларда еңбек ете жүріп, ол жаны қалаған ісі – өнерден қол үзбеуімен де сүйсіндіреді. Және өнерсүйер қауымның, әсіресе Торғай-Тобыл жұртшылығының есінде осы күйшілік, термешілік өнерімен қалғаны да рас.

Әкесі Молдахметтің ағаштан ойып жасаған домбырасын  5 жасында қолына алған екен, жан серігі өмірінің соңына дейін қолынан түскен емес. Өзінің айтуынша әуелі халық әндерін шерте бастайды, кейін ағасы Молдабек «Келіншек», «Қос алқа», «Арғынғазы» күйлерін үйреткен. Мектепте 5-сыныптан бастап оркестрге қатысып жаңа күйлер үйренеді, жеке өлең де айта бастайды. Аудандық көркемөнерпаздар фестивальдеріне қатысып, күй тартады. Домбырадан басқа мандолинда, баян, аккордеонда ойнап үйренеді.

Институтта оқып жүргенде де ұлт аспаптары оркестрінің белді мүшесі болады. Атағы жер жарған «Алтын дән» ансамблінде жеке солист орындаушы болуымен қатар, қобызда, бас домбырада ойнайды. 1967 жылы Польша халық республикасында өткен  Қазақстан өнерінің күндеріне қатысқан.

Сол жылдары Орта Азия мен Қазақстан студенттерінің фестивалінде, Киев-Алматы студенттерінің арасындағы өткен телевизиялық сайыстарда, Алматы қалалық, облыстық мәдени іс-шараларға қатысып, өнер көрсеткен. Өзін бұл іс-шараларға домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Самиғолла Андарбаев, Украина жастарымен сайысқа Қазақ КСР халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Құрманбек Жандарбеков дайындағанын ілтипатпен еске алып отыратын.

Оқуын бітіріп елге келген соң өңірлік өнерпаздар қатарына қосылады. Бұл –   мемлекет және қоғам қай­раткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұлт­тық құндылықтарды жинақтап, атағы талай қырдан асқан «Торғай әуендері» фестивалін ұйымдастырған кез еді. «Аққайың» ансамбліде сол толқынның әсерімен дүниеге келген-ді. Одан кейінгі жылдары Көкшетау-Торғай телевизиялық айтысында (1985 ж.), Жезқазған-Торғай (1986 ж.) телевизиялық айтысында термеші-жыршы болып өнер көрсеткені ел есінде.

Жақындары үшін ол білікті маман, телегей-теңіз жырларды таңнан таңға айтатын жыршы-термеші, күйші ғана емес, қашан көрсең де жүзінен шуақ төгіліп тұратын мейірбан аға, өмірде алға қойған мақсаттарына қол жеткізген азамат, ағайын-туған, дос-жаранмен сыйластық  жібін үзбеген жақсы адам, асыл әке, аяулы жар, мұсылманның бес парызын да орындаған, иманы берік қажы еді.

Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, аға…

 

Жаңалықтармен бөлісу