Спартакиада аясында ұлттық және классикалық спорт түрлері қамтылып, қатысушылар көкпар, аударыспақ, бәйге, асық ату, бес асық, футбол, волейбол, баскетбол, еркін және әйелдер күресі секілді бағыттарда жарысты. Жарыс барысында әр команда жеңіске деген жігерін, ұйымшылдығы мен шеберлігін көрсете білді.
Денисов ауданының спортшылары өз жерінде өткен жарыста ерекше белсенділік танытып, бірнеше бағытта жүлделі орындарға ие болды. Жалпыкомандалық есеп бойынша аудан командасы бесінші, аудандар арасында үшінші орынды иеленді.
Бас жүлде Қостанай қаласының командасына бұйырды.

Қостанай ауданы екінші орын алды, рудныйлықтар қоланы місе тұтты. Аудандар арасынан Қостанай ауданы бірінші, Жітіқара ауданы екінші, Денисов ауданы үшінші орындарды бөлісті.


Денисов ауданынан қатысқан спортшылар биылғы спартакиадада ерекше белсенділік танытқанын жлғарыда атап өткен болатынбыз. Волейболдан ерлер және әйелдер командалары бірінші орын алды. Баскетбол мен футболдан үшінші орын бұйырды. Асық ату мен бес асықтан аудан командасы екінші орынға табан тіреді. Еркін күресте Нұрсұлтан Жакенов пен Дмитрий Якимов жеңімпаз атанды. Ержан Қусаинов екінші орынға ие болса, Руслан Нұртілесов үшінші орын алды. Әйелдер күресінде де жақсы нәтижелер тіркелді. Татьяна Балабай мен Сабина Вахрушева екінші орын, Анжела Мырзахметова үшінші орын алды.
Ұлттық спорт түрлерінен де жетістіктер аз болған жоқ. Көкпардан аудан құрамасы үздік үштіктің қатарына енсе, аударыспақта Айдос Жұмағұлов бірінші орынды жеңіп алды, ал Бахтияр Мустафин үшінші орын алды.
«Аударыспақ – мен үшін тек спорт емес, бұл — ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Бұл жарысқа ұзақ дайындалдық. Бүгінгі жеңісім – бүкіл командамыздың ортақ еңбегінің жемісі. Осындай деңгейде ұйымдастырылған жарыста жеңіске жеткеніме қуаныштымын», – дейді өз әсерімен бөліскен Айдос Жұмағұлов.
Нұрсұлтан Жәкеновтің бұл алғашқы жетістігі емес. Бұған дейін де облыстық межелерді бағындырып үлгерген.
«Бұған дейін де облыстық жарыстарда жүлде алып жүрдім. Алайда биылғы жарыс өте әсерлі өтті. Қарсыластар мықты болды. Әр белдесу оңайға түскен жоқ. Жеңіске жету – көп жылдық еңбектің нәтижесі. Командаластарыма және бапкерлеріме алғысым шексіз», – дейді еркін күрес шебері Нұрсұлтан Жәкенов.
Салтанатты жабылу рәсімінде Руслан Катпаев эстафеталық туды 2026 жылы спартакиаданы қабылдайтын келесі иесіне – Арқалық қаласына табыстады. Алдағы жылы өтетін XXXIX жазғы спартакиада да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өңір спортын тағы бір биікке шығарары анық.
Спорт дегеніміз – тәрбие, намыс, бірлік пен болашаққа деген сенім. Денисовтегі думанды дода – осының жарқын дәлелі. Келешекте бұл сахнадан ел мақтаныштары туып шығары сөзсіз. Бүгінгі жарыстың алауы – ертеңгі Олимп биігіне бастар алғашқы қадам болуы бек мүмкін.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
Денисов ауданы
