Облыстық Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметтегі құқық бұзушылық мәселелерін талқылады

Облыстық Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметтегі құқық бұзушылық мәселелерін талқылады

Жауапкершілік жоқ жерде әділдік те болмайды. Ал әділдік салтанат құрмаса, жемқорлық, парақорлық кеселдері етек алды дей беріңіз. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер арасында азаматтық ұстаным, адамгершілік құндылық мықтап орнауы тиіс. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің отысында осы қағида нысанаға алынды. Бірнеше аудан әкімі мен мемлекеттік орган өкілдері жыл есебін берді.

Кез келген өркениетті қоғам үшін жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттағы маңызды мәселелердің бірі саналады. Сондықтан біздің елдің маңдайалды мақсаты да діңге түсіп, дамуға тежеу болатын «жегі құрт» жемқорлықты түбірімен отау, осы дерттің алдын алу. Ал «балық басынан шірімес» үшін бұл күрес ең әуелі мемлекеттік органдардан басталуы керек екені айдан анық нәрсе. Қазір облыс деңгейінде осы бағыттағы жұмыстар барған сайын жұмырлана түсуде. Кеңестің кезекті жиынында биылғы ахуал бағамдалып, жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

Науырзым ауданында ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» заңдары аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аудан басшысы Мәди Ихтиляпов әкімдіктің осы бағыттағы жұмыстары туралы жан-жақты баяндап берді.

«Жергілікті атқарушы органдарда ұзын саны 87 адам қызмет етеді. Оның ішінде әкім аппаратындағы қызметшілер саны – 18. Бұлардың 80 пайызының жоғары білімі бар. 81 адамның ұлты қазақ. Биыл жаңадан 12 адам жұмысқа орналасты, – деп, баяндаманы қызметшілер құрамымен таныстырудан бастады Мәди Өмірзақұлы. – Жыл басынан бері «Е-қызмет» жүйесі арқылы барлық маман арасында еңбек тәртібін сақтау талабына қатысты мониторингтен тұрақты түрде жүргізіледі. Әкімдік жанынан 2014 жылдан бері жемқорлықпен күрес мәселесі жөніндегі комиссия жұмыс істеп тұр. Тоқсан сайын есеп беру жиыны өтеді. Биыл жемқорлық деректері тіркелген жоқ».

Оның айтуынша, жыл басынан бері 14 әкімшілік мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бірақ оның ешқайсысының жемқорлық құқықбұзушылыққа қатысы жоқ. Тұрғындар тарапынан мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына байланысты шағымдар келіп түспеген. Халықтың барлық арыз-тілектері уақытылы шешімін тауыпты.

«Әкім болып тағайындалғаныңызға көп уақыт өтпесе де, қысқа мерзімде атқарған нәтижелі жұмысыңыз үшін рахмет айтамын. Тұрғындардың арыз-шағымына ілікпей, сапалы әрі уақытылы қызмет көрсетуге барлық жағдайдың жасалғаны ерекше атап өтуге тұрарлық. Сондай-ақ бос жұмыс орындарына дер кезінде маман тарту бағытындағы жұмысыңыз да көңілден шығады», – деп лебіз айтты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы департаментінің басшысы Ерлан Салықбаев.

Жітіқара ауданындағы жергілікті атқарушы органдар қызметі туралы да есеп тыңдалды. Аудан әкімі Нұржан Өтегеновтің мәліметінше, өңірде 134 мемлекеттік қызметші бар. 90-нан астам пайызы жоғары білімді, білікті мамандар. Осы жылы меритократия қағидасымен жоғары лауазымға 8 адам тағайындалған.

«Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау және тәжірибеден өткізуге жіті мән беріледі. Осы жоспармен жалпы саны 89 адам қамтылды. Олардың жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, нығайту мақсатында өтетін іс-шаралардың саны көп. Дегенмен қағидаға қайшы әрекеттер көрініс тапқанын мойындау керек. Аудандық Әдеп жөніндегі кеңесте екі мемлекеттік қызметшіге қатысты іс қаралып, тиісінше, жауапкершілікке тартылды. Жалпы, биыл ұзын саны 31 қызметші тәртіптік жаза қарастырылды», – деді аудан әкімі.

Қазірдің өзінде құқық бұзушылықтың алдын алу, түсіндіру жұмыстары үздіксіз жалғасып жатқанын айтты аудан басшысы. Есепті кезеңде ауданның барлық мемлекеттік мекемесінде 32 рет ішкі сараптама жүргізілген. Қорытындысында жемқорлық тәуекелінің 52 дерегі анықталыпты. Қазіргі таңда оның барлығы дерлік жойылған, тек біреуі әлі қаралу үстінде. Дей тұрғанмен жемқорлық қылмысы тіркелген жоқ. Аудан тұрғындары арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатымен әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырылып жатқанын да айта керу керек. Халыққа жыл басынан бері 580 мыңнан астам қызмет көрсетіліпті, тұрғындар оның 95 пайызына электронды түрде қол жеткізген. Мұның сыртында, жергілікті атқарушы органдар 462 өтініш қабылдапты. Оның қатарында жұмысқа мұқтаждық, тұрғын үй, шатыр жөндеу, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері басымырақ. Аудан әкімі халықпен кері байланыс та жақсы орнағанын, жұмыс орнына және әлеуметтік желілер арқылы жүгінетін тұрғындардың толассыз екенін айтып отыр. Ерлан Салықбаев Жітіқара ауданындағы жұмыстардың тиянақтылығын да жақсы бағалады.

Бұдан соң Қостанай облысы Сот әкімшілігінің әдеп жөніндегі уәкілі Асхат Дүйсенбаев он айда атқарылған жұмыстар мен алға қойылған жоспарлар туралы мәлімет берді.

«Сот жүйесіндегі мемлекеттік қызметшілер саны 400-ге жетіп-жығылады. Жыл басынан бері осы саладан 25 қызметші жұмыстан шықты. Олардың 13-і басқа органға ауысып кетті, 11-і сот болып тағайындалды және біреуі тұрғылықты мекенін ауыстырды, – деп баяндамасын бастады уәкіл. – Биыл БАҚ-та негативті хабарлама жария болған жоқ. Сала мамандарына халық тарапынан шағым түспеді. Жүйеге тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп тұрады. Өз бастамаммен кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатымен әртүрлі іс-шара өткізіліп тұрады. Олардың қатарында кездесулер, қабылдаулар, елді мекендерді аралап, жиындар өткізу және басқа шаралар бар».

Ол үш тоқсан бойы 266 мемлекеттік қызметші арасында анонимді сауалнама жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде қызметшілердің моральдық-психологиялық хәлі қанағаттанарлық деңгейде екеніне, қызметтік әдеп берік қалыптасқанына көз жеткізілген.

Барлық баяндамашы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің сұрақтарына да жауап берді. Отырыс спикері Ерлан Салықбаев жиынға шақырылған қатысушыларға осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беруді, жетілдіре түсуді тапсырды.

Жаңалықтармен бөлісу