Облыс әкімінің орынбасары өңір тұрғындарын жеке қабылдады

Облыс әкімінің орынбасары өңір тұрғындарын жеке қабылдады

«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалының алаңында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық мәселелерін тыңдады.

Қабылдау ашық диалог форматында өтіп, көтерілген сұрақтар бойынша жан-жақты әрі нақты түсіндірмелер берілді.

Қабылдау барысында тұрғындар облыс көлемінде мал терісін өңдейтін өндірістің жоқтығын айтып, тері өңдеу цехын ашу мәселесін көтерді. Бұл сұрақ бойынша мәселенің оң шешімін тапқаны айтылып, өтініш берушілерге толық ақпарат берілді.

 «Қазіргі таңда Арқалық қаласында бұрынғы «Үміт» ЖШС тері зауыты базасында «Тері өнеркәсібі. Былғары жартылай фабрикаттарын өндіру» жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 6 млрд 168 млн теңгені құрайды. Жаңғырту жұмыстары үш кезеңде жүзеге асырылады. Барлық кезең аяқталғаннан кейін өндірістік қуаттылық жылына 65 мың дана дайын өнімге жетіп, 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта зауыт 115 тонна немесе 4,6 мың дана теріні қабылдады» – деді Арман Әбенов

Сондай-ақ қабылдау кезінде қаңғыған иттерді аулау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Аталған сұраққа байланысты уәкілетті қызмет тарапынан бірқатар рейдтік іс-шаралар жүргізілгені түсіндірілді.

blank blank blank blank

Жануарлар заң талаптарына сәйкес чиптеліп, вакцинацияланған. Қауіп белгілері жоқ иттер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сай бұрынғы мекендеу орындарына қайтарылған. Барлық жұмыстар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң аясында жүргізілген.

Ауыл тұрғындарын алаңдатқан тағы бір өзекті мәселе – 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелердің берілуі болды. Бұл бағытта да нақты түсіндірмелер жеткізілді. 2023 жылы облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,6 млрд теңге бөлініп, 279 микрокредит берілген.

«2024 жылы республикалық бюджет тапшылығына байланысты қаржыландыру шектелсе де, 2025 жылдан бастап бағдарлама қайта іске қосылып, микрокредиттер 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен беріледі» – деп түйіндеді Арман Әбенов

Қабылдау қорытындысы бойынша Арман Әбенов барлық көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, мұндай кездесулер халықпен кері байланысты нығайтуға және нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған – «AMANAT» партиясының

баспасөз қызметі