Аудандық кітапханада 25 қазан – Республика күніне орай Докучаев жалпы білім беретін мектебінің жоғары сынып оқушыларымен «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында оқушыларға викторина ойнатылды.
Оқырмандар кітапхана қызметкері Балмекен Ахметқызының тарапынан берілген сұрақтарға белсене жауап берді. Арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды.
Іс-шараның арнайы қонақтары тұшымды ойларын ортаға салды.
«25 қазан – барша қазақстандықтар үшін ерекше тарихи күн. Бұл – халқымыздың еркіндікке, елдікке, өзін-өзі басқаруға ұмтылған асыл арманының жүзеге асқанын білдіретін Республика күні. Бұл күн – еліміздің тәуелсіздік тарихындағы маңызды белес, ұлттық бірегейліктің, мемлекеттік дербестіктің символы», – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Оразғали Бимағанбетов.
Докучаев мектебінің ұстазы мерекенің тарихынан сыр шертті.
«1990 жылы дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл құжат еліміздің толық тәуелсіздікке бағыт алған алғашқы қадамы болды», – дейді ол.
Басқосуға «Amanat» партиясы аудандық филиалының өкілдері де келді. Балалардың сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.
Науырзым ауданы
