Қостанай облысындағы №38 мекемеде жазасын өтеушілер үшін ерекше мәдени кездесу өтті. Бұл күні темір есіктердің ар жағында әуен тербеліп, үрмелі аспаптардың үні жүздеген адамға өзгеше көңіл күй сыйлады.
Қостанай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №38 мекемесінде сотталғандардың бос уақытын мазмұнды әрі тағылымды өткізуге бағытталған ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Мекеме төрінде Алексей Губенко атындағы үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, шамамен 500 сотталғанға екі сағат бойы музыкалық бағдарлама ұсынды.

Өнер ұжымын жетекшісі әрі бас дирижері Лилия Ислямова бастап келді.
Концерттің алғашқы әуенінен-ақ залда өзгеше тыныштық орнады. Бір сәтке күнделікті тіршіліктің ауыр ойлары кейін шегініп, назар сахнаға ауды. Оркестр орындаған патриоттық шығармалар мен заманауи музыкалық туындылар тыңдарманға түрлі эмоция сыйлап, көңілге ой салды.
Музыкада сөз жоқ. Бірақ кейде айтылмаған сөздің өзін әуен жеткізеді. Әсіресе, патриоттық бағыттағы шығармалардың орындалуы ерекше әсер қалдырды. Ел мен жерге деген құрмет, азаматтық жауапкершілік, туған Отанға деген сүйіспеншілік сынды құндылықтар музыканың тілімен жеткізілді.
Мұндай мәдени іс-шаралар жазасын өтеушілердің уақытын тиімді ұйымдастырумен ғана шектелмейді. Оның тәрбиелік мәні де зор. Музыканы тыңдау арқылы адам сұлулықты сезінеді, ой әлемін кеңейтеді, жақсы мен жаманның, мәнді мен мәнсіздің ара-жігін бағамдай бастайды.
№38 мекемесінде өткен концерт те осы мақсатты көздеді. Жазасын өтеп жатқан азаматтарға қоғамдағы мәдени өмірдің бір бөлшегін сезінуге мүмкіндік беріп, олардың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, оң өмірлік құндылықтарды орнықтыруға ықпал етті.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – Департаменттің баспасөз қызметі
