Соңғы жылдары өзіндік қолтаңбасымен, батыл тақырып таңдауымен ерекшеленіп жүрген режиссер Гаухар Адай мен суретші Гүлдана Алина Қостанай сахнасында «Міржақып» қойылымын әзірлеуде. Қойылымның режиссері – Гаухар Адай болса, қоюшы әрі киім суретшісі – Гүлдана Алина.
Екі шығармашыл тұлғаның ортақ еңбегі қазақ театр кеңістігінде жаңашыл қадам болып қана қоймай, қоғамды оятуға бағытталған көркем әрі батыл әрекеттерімен танылып жүр. Режиссер мен суретшінің өзара тандемі, қойылымға жасаған интерпретациясы ұлттық өнердің жаңа қырларын ашып, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сахна арқылы жеткізуі өзгеше. Осы орайда біз қойылым авторларының бірі режиссер Гаухар Адаймен сұхбаттасып, оның көзқарасын, қойылымнан күткен нәтижесін және өнердегі ізденістерін білген едік.
– Гаухар, есіміңізді соңғы жылдары жиі еститін болдық. Еңбектеріңіз талай жерде топ жарып жүр.
– Бұл салада 2018 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол жылы режиссура мамандығын тәмамдап, Гүлданамен бірге Семейде жұмыс жолымызды бастадық. Келер жылдан бастап сахналық қойылымдарға кірістік. Содан бері жиырмадан астам спектакльді сахналаппыз. Оның басым бөлігін өзім жазып, режиссерлік тұрғыда жүзеге асырамын.
Біразын атап кетер болсам, 2023 жылы Литвада өткен моноспектакльдер фестивалінде Дэниел Киздің шығармасы негізінде қойылған «Я» атты туындымен алғаш рет Қазақстан атынан қатысып, жүлделі оралдық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Гүлданамен әрдайым бір-бірімізді толықтырып, шығармашылықта үндестік табамыз. Сонымен қатар жұқпалы ауру тақырыбын арқау еткен, соғыс дәрігерінің өмірін бейнелейтін қойылымымыз Орта Азия фестивалінде үздік атанды. Араға бір жыл салып, Грузияда өткен халықаралық фестивальге қатысып, 26 театр мен 26 режиссер арасынан «Үздік режиссер» және «Үздік интерпретация» жүлделерін иелендік.
Одан кейін Назгүл Қарабалинаның шақыртуымен «Моно» атты қойылымды сахналадық. Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғайтын туынды болды, сценарийін өзім жаздым. Кейін Ереванда өткен халықаралық фестивальге қатысып, бірнеше номинацияда жүлделі орындарға ие болдық. Сондай-ақ Жұбан Молдағалиевтің мерейтойына орай «Жұбан» спектаклін сахналадық. Бұл қойылымда Гүлдана арнайы алып ертоқым жасап, сахнаға шығарып, ақынды сол ертоқымға мінгізді. Жаңашыл шешімімен ерекшеленген қойылым төрт бірдей номинацияда үздік деп танылды.
Осыншама фестивальдерді тізіп отырған себебім – әрбір сапардан кейін өзіңе есеп бересің, сараптама жасайсың. Ең бастысы өзіңді қайталамау. Театр заңдылығынан қалып та кетпеу, шығып та кетпеу әр режиссердің басты ойы.
– Сіз спектакльдерді өзіңіз таңдайсыз ба?
– Әр кезде әртүрлі болады. Мысалы, «Жұбанды» қоярда Гүлдана: «Сіздің елде «Мен – қазақпын!» деп Жұбанды қойсақ, біздің елде «Оян, қазақ!» деген Міржақыпты сахналау керек шығар» деген еді. Бұл ойды ол шамамен бес жыл бұрын айтқан болатын.
Содан кейін Міржақыптың 140 жылдығы аясында Қостанайда спектакль қойылады деген хабар тараған кезде театр басшысы Асхат мырзамен жолығып қалдым. Ол кісі ойымды сұрады. Шынымды айтсам, мен де бұл тақырыпты зерттеп, өзімше сараптап жүрген едім.
Міржақыпты тек «Оян, қазақ!» ұранымен шектеп қоюға болмайды деп ойлаймын. Өйткені ол ақын, қоғам қайраткері ғана емес, алаш қозғалысының белді тұлғаларының бірі. Соның ішінде оның математикаға ерекше көңіл бөлуі мені қатты ойландырды. Себебі математика – мүлде бөлек ғылым, басқа әлем. Демек, Міржақыптың болмысы да ерекше болғаны ғой деп, зерттеуге еркін бой ұрдым.
Зерттеу барысында қызық бір дерекке тап болдым. Міржақып атамыздың сүйегін Бидайыққа жерлеген кезде бейнематериал түсіріліпті. Сол сәтте бала Гүлдана да сол жерде болып, бейнетаспаға түсіп қалған екен. Маған Гүлдана бұрындары сол туралы айтқанда әсер етпеген еді, бірақ кейін іздене келе бұл маған ерекше қызық әрі маңызды болып көрінді.
Қостанайға келген соң облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратовпен кездестік. Олар ең алдымен Торғайға барып қайтуды ұсынды. Бұл ой өзіміздің де көкейімізде жүр еді. Сөйтіп, Асхат мырзамен бірге үшеуіміз Бидайыққа жол тартып, Міржақып атамыздың басына барып, құран оқып қайттық.
– Қасиетті қарт Торғай қалай қарсы алды? Бармай тұрып қандай күйде болдыңыздар, оралғанда қандай әсермен қайттыңыздар?
– Мен бұл қойылымды қолға алғанда бір тоқырау кезеңінде тұрдым. Мұндай хәл кез келген режиссердің басынан өтетін шығар деп ойлаймын. Барлық драмалық шешімдерді өзім қосып, мәтіндерді түзеп отырғаныммен, Міржақып атамыздың мақалалары мен өлеңдерін зерттей келе бір тұйыққа тірелдім. Ойларым шашырап, бір шешім таба алмай, тоқтап қалдым. Іштей қатты толғандым, «егер осы кейіпкерімнің болмысын аша алмасам не істеймін? Қойылымды жалғастыра алмай қалсақ ше?» деген күмән мені мазалалағаны рас.
Торғайға жол тартқанда да осы ойдан арыла алмадым. Бізді Торғай оңайлықпен қарсы алған жоқ. Жолда жаңбыр құйды, бұлт басты, тұман түсті, тіпті көліктің дөңгелегі жарылып, әрең жеттік. Кешқұрым Бидайыққа бардық. Атаның мазарына кіргенімде бәрі тұмшаланғандай әсер алдым. Жағалай мәрмәр тастар, ауыр тыныс… Біртүрлі салмақ басты. Іштей «атамның рухын сезбедім-ау» деген ойға қалдым. Ойым сан тарапта, көңілім алай-дүлей. «Мүмкін, Міржақып атам мені қабылдамады ма? Әлде менің өрем жетпеді ме? Әлде, бұл тақырыпқа рухани әзір емеспін бе?» деген күдік пен уайым жанымды жегідей жеді.
Сол оймен Бидайықтан қайтып келе жатып, Қызбелге келгенде, қара түнде жолдың жиегінен жалғыз ақсақ қойды көрдім. Қайдан пайда болғаны белгісіз. Алдында Гүлбану Сәрсекей апайдың «Қызбелде көпір бар. Міржақып бала кезінде сол жерде қозымен ойнаған екен. Оның қозысы ақ, досының қозысы қара болған екен…» деген әңгімесі есіме түсті. Міне, дәл сол көпірдің қасынан өте бергенде, ақсақ қой жалғыз өзі қараңғылықта кетіп бара жатыр екен…
Бұл мен үшін жай ғана қой емес, ерекше белгі болып сезілді. Телефонымды алып түсіре бастадым. Іштей: «Е-е, атамның рухы Бидайықта емес, Қызбелде жүр екен ғой. Бұл маған берілген ишара, рұқсат, батасы ғой» деп қабылдадым. Сол сәтте жаным жеңілдеп сала берді. Кеудемді қысып тұрған түйін тарқап, ойым еркін ағыла бастады. Шабытым оянып, толассыз идеялар келді.
Жеткен бойда Гүлбану апайға қоңырау шалдым. «Егер ол кісі сөйлесуге уақыт таппай жатса, демек бұл белгінің жөні жоқ шығар» деп іштей ойладым. Бірақ ол кісі бірден: «Кел» деді. Музейге барғанда қолымa бұрын-соңды көрмеген кітаптарды ұстап, атаның иісін, рухын сездім. Шынымен, бір құдірет «Ал, міне, сенің кезегің келді. Алып қал!» дегендей болды.
Осы толқыныстың, рухани белгі мен күш-қуаттың әсерімен Қостанайға қайтып келдік те, бір күн демалып, ертесіне-ақ қойылымға дайындықты бастап кеттік.
– Бұл тақырыптың күрделі екені белгілі. Сын айтушылар да аз болмайды. Қанша уақытта дайындалдыңыздар?
– Қойылым небәрі он күннің ішінде дүниеге келді. Бірақ бұл «он күнде дайын болды» деген сөз емес. Ішкі ізденіс, зерттеу, ой елегінен өткізу әлдеқайда бұрын басталды. Жалпы, бір спектакльдің өмірге келуі үшін бір ай өте қысқа мерзім. Актерлермен жұмыс істеп, олардың образға енуіне ықпал ету, кейіпкердің ішкі әлемін ашу үлкен еңбек. Әр сөзді, әр қимылды ой елегінен өткізу керек. Өйткені Міржақыптай тұлғаны сахнаға шығару үшін барынша жауапкершілік қажет.
Зерттеу барысында Міржақып атамыздың тұлғасы мен дүниетанымын бұрынғыдан да терең түсіне бастадым. Ол тек ақын, қоғам қайраткері ғана емес, математик, ойшыл, педагог болғаны ерекше таңғалдырды. Жай ғана есеп шығарып қана қоймай, тұрмыстық мысалдар арқылы математиканы қарапайым халыққа түсінікті етіп жеткізе білген. Мұны бүгінгі әдістеме тілімен айтқанда, нағыз жаңашылдық.
Міржақып атамыз тек математикамен шектелмей, карта, география, астрономия салаларын да меңгерген. Әр ғылымды ұлт игілігіне жаратып, жастарға ұғындыра алған. Оның мақалаларының өзі тұтас энциклопедия іспетті. Мәселен, мен қойылымға арқау еткен дүниелердің бірі – «Оралда чума басталды» деген мақаласы. Өйткені дәл сол зұлмат кейін ашаршылыққа апарып соқтырды. Бұл жерде біз тек тарихты ғана емес, Міржақыптың қоғамды терең сезінгенін, алдын ала болжап, халықты сақтандыруға тырысқанын көреміз.
Атамызды зерттей келе мен оны психолог ретінде таныдым. Қазіргі кезде сәнге айналған көптеген психологиялық терминдер мен ұстанымдарды ол кісі кезінде-ақ айтып кеткен. Ұлттың ауыр тағдырын жүрегінен өткізіп, халықтың жан дүниесін түсіне алған адам ғана осындай терең ойлар қалдырады.
Әрине, бұл тақырыпқа келгенде пікір білдірушілер, сын айтушылар аз болмайды. Өйткені әркім өзінің Міржақыбын көргісі келеді, тарихшылар да, саясаттанушылар да, алаштанушылар да, туыстары да өзінше қабылдайды. Мен үшін Міржақып – гений. Қызының: «Әкем әрқашан ел ішінде жүрді. Біз анам екеуміз ел жағалап өмір сүрдік» деген сөзі есімнен кетпейді. Ұлтын ойлаған адам өзінің отбасын да, өз тұрмысын да екінші орынға қойған. Сол үшін мен Міржақыпты жай ғана қайраткер емес, ұлы тұлға, ұлт руханиятының шын мәніндегі кемеңгер генийі деп танимын.
– Мұның бәрі де сіз үшін жаңашылдық болды ма?
– Иә, мұның бәрі мені ойландырмай қоймады. Өйткені Алаш арыстарының әрқайсысы гений. Мысалы, Әлихан Бөкейханның сол заманда тоғыз тілді меңгеруі таңқаларлық жағдай. Қазіргі таңда бір дұрыс пікірдің өзін айта алмай жүргенімізде, олар бүкіл ұлттың жоғын жоқтап, елдің мүддесін қорғады. Бұл тұлғалар белгілі бір кезеңнің ғана перзенті емес, олар адамзат өркениетінде сирек кездесетін дара жаратылыстар. Олардың қыршынынан қиылуының бір себебі де сол генийлігінде. Егер олар тірі қалып, ұрпақ өрбіткенде бүгінгі қазақ жерінің, қазақ қоғамының ахуалы мүлде басқаша болар еді.
Спектакль Шәкәрімнің «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» деген идеясына сүйеніп басталады. Ілімнің қажеттігін, білімсіз қоғамның дамымайтынын ол заманда-ақ айтып кеткен. Алаш арыстарының бір-бірін табуы, ой-өрісінің үйлесуі де тегін емес. Ең қызығы олардың театрға деген көзқарастары. Міржақып алғашқылардың бірі болып театр жайлы мақала жазып, онда «Театр – көңіл көтеретін орын емес, халыққа қалай өмір сүрудің бағытын көрсететін мекен» деген ой айтады. Бұл сөздің салмағы қазірдің өзінде терең.
Міржақыптың тұлғасында таңғалдырған бір жайт – оның қорқынышты мүлде мойындамағаны. Өлім қаупі төніп тұрса да, соққы мен қорлық көрсе де, бойында үрейге орын бермеген. Мұндай қайсарлық – ақылға сыймайтын құбылыс. Әрине, ол да адам болған соң эмоциясыз емес. Бірақ көз жасын, қайғысын, жүрек шері мен өкінішін өлеңдері мен әндеріне арқау еткен. Яғни ол сезімін шығармашылық арқылы жеңе білген.
Көпшілік Міржақыпты Торғаймен байланыстырады. Бірақ оны бір ғана аймақпен шектеу – әділетсіздік. Ол тек Торғайдың емес, бүкіл қазақтың перзенті. Иә, көпшілік оны «Оян, қазағымен» біледі. Бірақ ол еңбегі тұлғаның кең дүниетанымын толық ашып бере алмайды. Сондықтан біз спектакльді «Міржақып» деп атадық. «Оян, қазақты» қойылымда математикадан кейін келтіреміз. Себебі математика – ойдың ілімі, логика мен түйсіктің кілті. Ал түйсігі оянған соң ғана ол бүкіл қазақты біліммен оятуды мақсат етті.
Қойылымның финалында ерекше шешім бар, түрменің ішінде Міржақыптың көлеңкесі көрінеді. Бірақ ол темір тордан емес, кітаптардан құралған тордың ар жағында тұрады. Өйткені Міржақып дегеніміз – кітап. Оны қайта-қайта оқи беруге болады, әр оқыған сайын жаңа қырын ашасың. Сол тордан ол шахмат алаңын жасай бастайды. Бұл – ойдың мәңгілігін, рухтың өлмейтінін білдіреді. Оны қанша рет қамауға алса да, шын мәнінде оның рухын да, ақыл-ойын да тұншықтыра алмайды.
Қазіргі заманда неге жаңа Міржақыптар шықпайды деген сұрақ жиі туады. Себебі бүгінгі қоғамда түйсіктің есігі тарыла түсті. Ал Міржақыптың ерекшелігі оның ойының, түйсігінің, жүрегінің есігі ешқашан жабылмағанында.
– Сіздер ұлы Абайды, Жұбан сынды тұлғаларды сахнада сәтті сомдадыңыздар. Ендігі арманыңызда кім бар?
– Біз, Гүлдана екеуміз, болашақта өзіміздің театрымызды ашуды армандаймыз. Жүрегіміздің түбінде көптен келе жатқан мақсат. Сол театрда өзім де ойнағым келеді. Театр сахнасында өмір сүру – бала кезден бергі асқақ арманым.
Болашақ театрды екі бағытта көріп отырмыз. Біріншісі – драма. Ол жерде біз өз ойымызды, бүгінгі қоғамның мұратын, тарихи тұлғалардың тағдырын сахна арқылы жеткізгіміз келеді. Екіншісі – креативті көрме алаңы. Бұл бағыт – Гүлдананың дүниетанымына, оның суретшілік көзқарасына сүйенеді. Көрермен сахна өнерін ғана емес, бейнелеу өнерін, заманауи инсталляцияларды, ерекше шешімдерді де қатар тамашалай алады. Яғни бұл театр тек қойылым көруге келетін орын емес, өнердің түрлі қырын біріктірген кеңістік болмақ.
– Не кедергі болып тұр?
– Әрине, басты кедергі – қаражат. Бірақ арманымызға қарай ақырындап жақындап келе жатқандаймыз. Өнер жолында «бәріне дайын болу керек» деп өзімізді үнемі қалыпқа саламыз. Бірақ, шын мәнінде, мүмкін ешқандай дайындықтың қажеті жоқ шығар. «Абайды», «Жұбанды» қойғаннан кейін бізге тағы қандай дайындық керек?! Кейде өзімді осы сахна өнері үшін арнайы жаратылғандай сезінемін.
Менің күш-қуатым таусылып, тоқырап қалатын сәттерім болады. Сол кезде мен әрдайым Гүлданадан дем аламын. Оның қолдауы, оның дүниетанымы мені қайтадан алға жетелейді. Біз еш жерде сахналанбаған «Көрғұлы» секілді тың дүниелерді де сахнаға алып шықтық. Ал шығармашылықта қиналып қалған сәтте, жанымды тыныштандыру үшін ән жазамын, өлең шығарамын. Сол арқылы бойымдағы тұншыққан ойды сыртқа шығарамын.
– Неге театр? Неге кино емес?
– Мен үшін драма – бойымдағы бүкіл күш-қуатты, жан дауысымды шығаратын өнер. Кішкентай кезімнен өзіммен-өзім сөйлесіп, қиял әлеміне беріліп ойнайтынмын. Сол шақтардан бастап театрға деген құштарлығым оянды. Анам өнерге баруыма қарсы болды, ал әкем керісінше қолдады. Ол кісі де өнерге жақын еді.
Бір кездері режиссураға түсе алмай, қатты күйзеліске түстім. Ауылға кетіп, тұйықталып қалдым. Сол сәтте мені құтқарған – өнердің басқа қырлары болды: ән жаза бастадым, сурет салдым, пианиномен әуен шығардым. Әкем кітапханадан кітап таситын. Өзімнің қараңғы бөлмемде оқшауланып, сол кітаптарға үңілдім. Мені күйзелістен алып шыққан үш-ақ кітап бар. Баубек Бұлқышевтың «Өмір сүргім келеді», Қалихан Ысқақтың «Жусан иісі» және Шерхан Мұртазаның «Интернат наны». Осы шығармалардан кейін мен қайта өмірге келгендей болдым.
Солай жүріп, ақыры театр оқуына түстім. Ең алғашқы кәсіби жолымды Қостанай театрында актриса болып бастадым. Ал режиссураға деген арманым біраз уақытқа кейінге қалды. Жас кезімде мақала, өлеңдер жазып, тіпті «Қостанай таңы» газетіне де апарып жүрдім. Бірақ жарияланбады. Кейін Астанаға келіп, көп ізденістен соң, 25 жасымда режиссураға грантқа қол жеткіздім.
Алғаш 16 жасысда түсе алмай қалғанымның да өзіндік тарихы бар. Сол кезде маған дайындық үшін жүз драматургтың кітабын берді. Оны оқу мүмкін емес еді. Кітапханаға барсам, тек Жүсіпбек Аймауытовтың «Мансапқорлары» ғана қалыпты. «Осының не қажеті бар?» деп, балалықпен оқымай қойдым. Ал емтиханда билетке шыққан тақырып – «Ж.Аймауытов. «Мансапқорлар» болды. Сол сәтте өзімді кешіре алмай, қатты күйзеліске түстім. Бірақ тағдырдың бұйрығы шығар, араға 19 жыл салып, дәл сол «Мансапқорларды» Орал театрында сахналап, 2024 жылы «Үздік режиссер» атандым.
Театр – менің өмірім, тағдырым. Дегенмен, болашақта жақсы бір фильм түсіріп көру – арманымның бірі.
– Қазаққа қажет тақырыптар әлі де тың, жеткілікті ғой. Бірақ оны қашан жарыққа шығарамыз, оны кім жүзеге асырады?
– Әрине, ойланатын дүние. Бірақ қазіргі жастар өте мықты. Олар өзгеше, ойлау еркіндігі бар. Тарихқа еш қысылмай, еш қорықпай бару керек деп ойлаймын. Бірақ ол үшін орта буынның қолдауы ауадай қажет. Жастарға қолдау көрсету маңызды. Өйткені менің қолымдағы дүниені жұлып алған сәттер көп болды. Сондықтан қазір жастардың талабын баспай, керісінше жолын ашып, қанат бітіру керек. Қазақты кейде қазақтың өзі тежейді.
Мен қазір 37 жастамын. Өз ортамда «әлі жассың» деп айтады. Бірақ мен олай ойламаймын. Себебі еңбекпен келген тәжірибем бар, оның жемісін көріп жүрмін. Сондықтан өзімді жаспын дей алмаймын. Осы қойылымды алғаш сахнаға тапсырғанымызда: «Бұл спектакльді екі қыз қойған дей алмайсың, ер азамат қойған сияқты» деп баға берді. Бұл – біз үшін үлкен марапат, еңбектің мойындалуы.
– Сәттілік тілеймін.
Әлі де талай дүниелерді көрермен сізден күтеді.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
