Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы жұмыс сапарымен Жанкелдин ауданына келді.
Облыс басшысы сапар барысында Қызбел ауылдық округіне апаратын Саға көтерме жолының ағымдағы жөндеуімен танысып, Мадияр руының ата қонысы, Алаш көсемі Міржақып Дулатұлының кіндік қаны тамған жер– Асқар күзегіне аялдады. Бұл жерге қоршау орнатылып, айналасы абаттандырылған.

Күре жол тегістеліп, үстіне қиыршық тас төселган. Қызбел ауылының бес көшесіне және Бидайық ауылының бір көшесі асфальттанған. Округ орталығындағы Міржақып Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектеп күрделі жөндеуден өтіп, оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған.



Облыс әкімі ұстаздар қауымымен, оқушылармен жүздесіп, жаңа оқу жылын жайлы бастаған ұжымға сәттілік тіледі. 




Бидайық ауылына барып, Алаш арысының кесенесіне зиярат етті. Кесене ұрпақтарының күшімен жөнделіп жанындағы музейі де еңсе көтеріп, реставрация жасалған.









Аудан орталығында Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізілді. Онда облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев ел алдындағы дәстүрлі есептерін берді.Көрсеткіш бойынша облыс пен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы көш ілгерілеген. Облыста жаңа өндіріс көздері көптеп ашылып мыңдаған адам жұмыспен қамтылса,ауданда инфрақұрылымдық жұмыстарға басымдық берілген. Одан әрі жергілікті жұрт торқалы тойға арналған І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының «Міржақып» спектаклін тамашалады.






Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
