Рудный қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте «Ел үшін туған ердің мәңгілік мұрасы» атты Жахаңа арналған мұражай ашылды.
Мұражай қоғам қайраткері, Алаш арысы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай арнайы әзірленген. Ашылу рәсіміне қалалық және облыстық деңгейдегі құрметті қонақтар, ақын-жазушылар мен айтыскерлер, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының өкілдері және оқушылар қатысты.
Алғашқы болып сөз алған мектеп директоры Абзал Ағатай, мектепте Міржақып Дулатұлының есімін, өнегелі ісін ұлықтайтын іс-шаралар лек-легімен өтіп жатқанын атап өтті.
«Жақында «Міржақып оқуларын» мектеп қабырғасында өткізкен едік. Енді міне музейін ашып жатырмыз. Өздеріңзі білетіндей, 2022 жылы мектепке Міржақып атамыздың есімі берілген болатын. Біз үшін қуанышты жаңалықтың бірі болды. Биыл мектептің ашылғанына тура 60 жыл толып отыр. Биыл біз үшін жемісті жыл болды», – деді мектеп директоры Абзал Ағатай.

Мұражайды ашудағы басты көздегендері, Міржақып Дулатұлының өмір жолын, шығармашылық мұрасын, ағартушылық және қоғамдық қызметін жас ұрпақ санасына терең сіңіру, тарихи тұлғаның ел тағдырындағы айрықша рөлін дәріптеу.

Жаңадан ашылған мұражайда ұлт көсемінің өмірі мен қызметін айқындайтын құнды деректер, сирек материалдар, тарихи суреттер және әдеби еңбектер қойылған. Бұл рухани-танымдық кеңістік оқушыларға, жас зерттеушілерге, сондай-ақ қала қонақтарына қазақ тарихының бай қазынасымен жақыннан танысуға жол ашады.

Ашылу салтанатында сөз алған айтыскер ақын Айбек Қалиев Міржақып Дулатұлының елге сіңірген еңбегін атап өтіп, мұражайдың жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызын жоғары бағалады.

«Рудный қаласындағы Міржақып атамыздың атындағы мектепке келіп керемет әсерде болып тұрмыз. Заманауи үлгіде Міржақып Дулатұлын насихаттаудың шебер үлгісін көрсетті. Сондай-ақ мені таңқалдырғаны кез-келген салада яғни, ғылым мен техниканың қандай жетістіктері бар, барлығын шама-шарқынша пайдаланған. Рудный қаласындағы қазақы қара шаңырақ екенін дәлелдеп тұр», – деді Айбек Қалиев.

Сондай-ақ музейге отбасылық суреттері, алаштанушы, ғалым Қайсар Әлімұлының авторлық кітаптары, алаштанушы, ғалым Данияр Ихсанның авторлық кітаптары мен мектеп оқушыларының ағаш бұйымдарынан жасалған сый тартулары орын алған.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген автор
