Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде 24–28 қараша аралығында ұлт ағартушысының 140 жылдығына арналған KEnEU International Week 2025 халықаралық апталығы өтуде.
Іс-шара барысында халықаралық ынтымақтастықты нығайту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, білім және ғылым саласында тәжірибе алмасуды жандандыруға ерекше мән берілмек. Сондай-ақ жоғары білім берудің тұрақты дамуы мен цифрландыру үдерісін ілгерілету жолы қаралатын болады.

Биылғы апталыққа Сербия, Грекия, Хорватия, Түркия, Испания, Иран, Өзбекстан, Польша, Ресей және Қазақстаннан университет өкілдері, іскерлік орта мамандары және өңірдің ірі кәсіпорындарының басшылығы қатысуда. Бағдарламада шетелдік профессорлардың дәрістері, панельдік пікірталастар, инновациялық технологиялар көрмесі, дөңгелек үстелдер және екіжақты кездесу алаңдары қарастырылған.

Университет президенті Рихсибай Мамедов халықаралық апталықтың маңызын атап өтті.
«Бұл іс-шара екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Негізгі мақсат – шетелдік әріптес жоғары оқу орындарының профессорларын тарта отырып, студенттер мен магистранттардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу. Биыл 15-ке жуық шетелдік профессор келді. Олардың қатарында әлемдік рейтингтегі үздік университеттердің өкілдері бар. Жеті шетелдік университетпен жаңа келісімдер жасалуда. Бұл біздің студенттер үшін бірнеше семестр шетелде білім алуға жол ашады», – дейді Рихсибай Мамедов.
Барселона университетінің өкілі Микель Роберт Қостанайға алғаш рет келіп, университеттің әлеуетіне жоғары баға берді.
«Мен үшін халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу өте маңызды. Мұнда академиялық және технологиялық базаның жоғары деңгейде екенін көрдім. Біздің мақсат – интернационализацияны дамыту, Еуропа мен аймақ университеттері арасындағы байланыстарды нығайту. Болашақта ортақ жобалар көптеген оң нәтиже береді деп сенемін», – деді профессор.
Апталық аясында Erasmus+ бағдарламасы бойынша «AGROKAZ – Қазақстанда дуальды оқыту элементтері бар агроэкология бойынша бакалавриат бағдарламасын әзірлеу» жобасының қорытынды конференциясы өтеді. Үш жылдық жоба Еуропалық одақ тарапынан толық қаржыландырылған.
Сербияның Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесшісі Татьяна Бранков жобаның әлеуметіне тоқталды.

«Біздің университет жобаны үйлестіруші ретінде Қазақстандағы агросектордың климаттық өзгерістер жағдайында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізді. Қазір жаңа оқу бағдарламасын енгізу үшін бірлескен жоспарлар құрылуда. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерінің ашылуы да ынтымақтастықты күшейтті», – деп атап өтті ол.
Халықаралық апталық Қостанай облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Іс-шара өңірдің білім берудегі ашықтығын, халықаралық байланыстарға дайындығын және ғылыми серіктестікті дамытуға ұмтылысын айғақтайды.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған университеттің баспасөз қызметі
