Биыл Қостанай облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге барынша күш салынбақ. Өйткені, Мемлекет басшысы міндеттегендей, бұл бағыттағы жұмыстар осы жылы толық аяқталуға тиіс.
Ал біздің өңірдегі қазіргі көрсеткіш 91 пайыз шамасында. Алдағы тоғыз айда діттелген межеге қол жете ме? Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды.
Бүгінде ауыз сумен толық қамтылған өңірлер тізімінде Қостанай, Рудный, Лисаков, Жітіқара қалалары, сондай-ақ Сарыкөл ауданы бар. Бұларды Б.Майлин, Денисов аудандары 2-3 пайыз айырмасымен өкшелеп келе жатыр. Басқа аудан-қалалар «қамшы баса» түсуі керек. Жыл соңына дейін барлық жоспар түгел орындалуға тиіс.
«1 қаңтардағы жағдай бойынша, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау 2023 жылғыдан қарағанда 4,6 пайызға өскен. 91,3 пайыз деңгейінде. Қалалардағы жалпы көрсеткіш – 99 пайыз. Былтыр осы бағытта 77 жоба қолға алынып, оған 20,769 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 16 ауыл алғаш рет орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді. Облыста барлығы 313 шақырым су желісі, 12,8 км су бұру желілері төселді. Ақаулы жүйелер саны 288-ге кеміді», – дейді облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Сабыржан.
Оның айтуынша, 65 жоба іске асырылмақ. Оған 22, 627 млрд теңге қарастырылды. Республикалық бюджет комиссиясы тағы сегіз жобаға 5,394 млрд теңге бөлу өтінішін мақұлдаған. Жалпы, 2025 жылдың аяғына дейін 34 ауылды және Арқалық, Тобыл қалаларын ауыз сумен толық қамсыздандыру көзделіп отыр. Ұзын-ырғасы 24 700 тұрғын қамтылады.
«21 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталады. Қалған 13 ауылға су тарату пункті орнатылады. Сондай-ақ биыл сумен жабдықтау және су бұру жобаларын іске асыратын жергілікті мердігерлік ұйымдардың үлесі 59%-ға артатынын атап өткен жөн. Құрылыс-монтаж жұмыстары қатаң бақылану және осыы жылы аяқталуға тиіс. Аудан-қала әкімдері Президент тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуі қажет», – деп толықтырды ол.
Энергетика және ТКШ саласына жыл сайын ауқымды қаражат бөлінеді. Мәселен, соңғы бес жылда 90 млрд теңге бағытталған. Бұл, тиісінше, көзделген мақсатқа жақындауға септігін тигізіп отырды.
«Мен қандай елді мекендегі су тарту жұмыстары болсын, үнемі толықтай атқарылғанын талап етіп келемін. Ауылды сумен қамтып қана қою жеткіліксіз, ауыз су әр үйге кіруі керек. Сонда ғана жоба соңына дейін іске асты дей аламыз. Соңғы екі жылда 55 мың үйге су енді. Биыл 7 207 үй тіршілік нәріне қосылуға тиіс. Қайталап айтамын, ауыз су ауылға ғана емес, әр тұрғынның шаңырағына келіп тұруы шарт. Бұдан бөлек, барлық жұмысты жергілікті компаниялардың жүргізгені маңызға ие. Мұны да ұдайы айтумен келемін. Аудан-қаланың атқарушы органдарына осыны міндеттеп отырамын. Олар жерлігікті бизнестің дамуына осылайша жағдай туғызулары қажет.
2023 жылы жобалардың тек 26 пайызын өңірлік компаниялар атқарған. Ал былтыр олардың үлесі 45 пайызға жетті. Осы жылы қостанайлық мердігерлер қатары тіптен басым бола түспек. Облыс басшысы мұның су желілері жобаларына ғана емес, барлық салада қатаң ескерілуі керек екенін айтты. Ал жыл соңына дейін облысты сапалы ауыз сумен толықтай қамту жоспары ұдайы жіті қадағалауда ұсталып отырмақ.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРЕМБАЕВ