Маман кеңесі: “Әкімшілік актіде келтірілмеген негіздемелерге сүйенуге болмайды”

Маман кеңесі: “Әкімшілік актіде келтірілмеген негіздемелерге сүйенуге болмайды”

Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына өткен жылы 1147 талап-арыз түскен. Арызданушылардың көбі сот орындаушыларының әрекетіне шағымданған.

Жер мен еңбек дауы, салық, зейнетақы және басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты түскен арыз шешімін тапқан. Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Ибрагим Дезиевтің айтуынша, осы істердің 17 пайыздан астамы қанағаттандырылған.

            “Өткен жылғы жұмыс қорытындысына сүйенсек, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығын қорауда жақсы нәтиже бар. Оны әкімшілік процеске қатысушылардың пікірі мен статистикалық деректер айғақтайды”, – дейді төраға.

Бүгінге дейін мыңнан аса іс қаралып, 335 іске шешім шыққан. Қанағаттандырылған істің саны –187. Ал 148 арыз қанағаттандырудан бас тартылған.

Медиативтік келісіммен шешілгендер де бар. Сондай-ақ, талап-арызын қайтарып алғандар да болды. Судьялар былтыр әкімшілік іс бойынша 19 адамды  1 млн 750 мыңнан астам қаржы төлеуге міндеттеген. Республика деңгейінде алсақ талап-арыздардың қанағаттандырылуы 56,4%. Облыстық соттың судьясы Галина Зинина жергілікті атқарушы органдар мен бірқатар мекемелерде жабықтық пен бюрократияның бар екенін айтады.

            “Ауған соғысының ардагері үй кезегінде 78-ші тұрғанын сот ісі өткенде ғана білді. Арызданушыға әкімдік өкілдері кезекте  1480-ші болып тұрғанын айтып жауап қайтарған. Арыз беруші әкімдік нақты жауап бергенде сотқа жүгінбейтінін жеткізді. Яғни, ашықтықтың, жұмыстың дұрыс жүргізілмеуінен осындай жағдай орын алып отыр”, – дейді Галина Зинина.

Сондай-ақ, облыстық сот судьясы әкімшілік актілерде әлі де бірқатар кемшіліктер бар дейді.

            “Бұрын мемлекеттік орган шағымданушы өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, бір ғана негізін көрсете алатын. Кейін сотта өз ұстанымын білдіріп бірнеше дәлел келтіретін. Сот оны қабылдайтын. Енді ондай әдіс қазір қолданылмайды. Яғни, әкімшілік актіде келтірілмеген негіздемелерге сүйенуге болмайды”, – деді ол.

Салық дауларына қатысты өзгерітер енгізілгенін атап өтті. Бұрын мұндай істердің 90% салық органдарының пайдасына шешілсе.қазіргі уақытта әрбір екінші істе салық төлеуші жеңіп шығуда.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу