Мал тұқымын асылдандыру –  маңызды іс

Мал тұқымын асылдандыру –  маңызды іс

Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылдық округінің «Таңсұлтан» жеке шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Негізгі бастауын сонау тоқсаныншы жылдардан алатын шаруашылық осыдан екі жыл бұрын асыл тұқымды мал басын құрап, өзінің бағып-күтуіне 60 бас аналық «Авердин-Ангус» әкелген болатын.

Өкінішке орай, биылғы көктемгі орасан су тасқынына байланысты шаруаның жүйесі бұзылып, малының жартысы суға кетті. Жаңа туған төлден де мол шығын болды. Алайда, үкіметтің адал еңбекпен нәпақасын тауып жүрген жандарға деген қамқорлығының нәтижесінде кеткен шығын қайта орнына келді.

Президенттің елдегі төтенше жағдайға байланысты ешбір тұрғынды өз мәселесімен жеке қалдырмау пәрменімен мемлекет қиын жағдайда қалғандарға нақты көмектерін ұсынуының арқасында үкімет суға кеткен 71 бас малдың шығынын толық өтеп берді.

«Үкімет мал шығынын жақсы бағалап, орташа бағамен асыл тұқымды малдың әрқайсына 492 мың теңгеден өтем жасады. Бөлінген қаражатты алып, малдың басын қайта түгендеуге қам жасадық. Қостанай облысының Денисов ауданындағы «Колос» ЖШС-нен 60 бас аналықты қайтадан жеткіздік. Осылайша, мал басын қайта қалпына келтіріп, енді соның шаруашылығымен айналысудамыз», – дейді жеке шаруашылықтың іс жүргізушісі Әшімхан Сұлтанов.

Әкенің құтты қонысы

Жеке шаруа қожалығы Әшімханның ағасының атында. «Атадан мұраға» дегендей, алғашында шаруа басын әкелері құрап, жерді 49 жылға жалға алған еді.

Әкесі Таңатқан Сұлтанұлы мектепте мұғалім болды. Өмір бойы ұстаздық қызметпен шұғылданған адам. Жер үлесі берілгенде 360 гектар пайларын алып, жұрт қатарлы өз алдарына шаруа қожалығын құрды. Кейін жерге деген шектеу алынып тасталғандықтан, кеңейтіп, жер қосып алды. Бүгінде жалпы көлемі үш жарым мың гектар жерлері бар.

Балалары бірігіп қыстақ салды. Өз күштерімен үй де салып алды. Амал не, әп әдемі шаруаларын күйттеп отырғанда тасқын судың салдарынан әкелері салып кеткен малшының үйі құлап қалды. Қыстақтағы үйлері құламағанмен өңгесінің бәрін су шайып кетті. Олардың да өтемдерін алуға құжаттарын тапсырып қойған.

Малшының үйін тұрғызып берсе дейді. Төтенше жағдай кезінде тұратын баспана болмағандықтан киіз үй берілді. Гуманитарлық көмектерден де шет қалмады. Электр жарығынсыз қалғандықтан генератор да жеткізілді. Бұған дейін күннен қуат алатын панелдерді қолданып келген. Әрине, оның дәнекерлеу сияқты ірі шаруаларға шамасы келмейтіні анық. Келешекте шаруашылық орналасқан жерді электр қуатымен қамтамасыз ету де ойларында бар.

Екі-үш жылдық өсімімен өткен қысқа 136 бас асыл тұқымды ірі қара түскен. Өзге малдармен күтімінде айырмашылық болмағанымен бұл ірі қаралар суыққа шыдамды келеді екен. Өсімтал, етті. Салмақты жақсы қосады.

 «Бұрын-соңды мұндай тасыған суды көрген жоқпыз. Кісі бойынан келетін су үй-жай, қора-қопсының бәріне еніп, барар жер, басар тауымызды қалдырмады. Төрт күн бойы малымыз аш тұрды. Шарбақтың ішіндегісі бар, сыртындағысы бар үйілген шөптің үстіне ұмтылып, бірін – бірі таптап тастаған. Бізде малдың күтімі жақсы. Жем-шөбіміз жеткілікті. Шөпті жыл сайын өзіміз дайындап, жетпегенін сатып аламыз. Былтыр қуаңшылық болып, шөп дұрыс шықпады. Биыл су тасқынына байланысты суағарларды бекітіп, су қорын жасай алмадық. Шабындыққа түскен су көп тұрақтамады. Енді, шөптің шығымына қарай бұйырғанын көреміз», – деп отыр.

Асыл тұқымды мал сатады

Шаруа қожалығы мал басын өсіріп, дамытып, артылғанын саудаға шығарады. Биыл 13 бас асыл тұқымды бұқаны сатуға шығарды. Еттілігін көрсететін куәлігін әзірлеп қойды. Жоспарларында мұнан да көбірек сату болған екен. Су тасқыны жағдайынан кейін қол жеткені осы болды. Бұқа таратумен де айналысады. Сатып алған адамға үкімет 150 мың теңге субсидия бөледі. Аналық басына он мың теңгеден береді.

«Өндіруші мал шаруашылығын дамыту жоспарымызды әрі қарай жалғастымақшымыз. Күзге қарай аналық бастан да сатып қалуымыз мүмкін. Өйткені, мал өсіргесін қан айналдырып отыруы керек. Ол дегеніміз,  бұқаны сырттан әкеліп, өзіміздегісін сату. Аналық басты да осылай жасап тұрғымыз келеді», – дейді ағайындылар.

Жігіттер әкеден төрт ағайынды. Аналары Тұрсын Құрманова зейнеткер. Кенже баласы Қасымханның қолында, Астана қаласында тұрады. Бауырлары Асылхан да сол жақта еңбек етеді. Әшімхан ағасы Жарасхан екеуі мал өсіруді қол көрген.

Шаруашылық болған соң техниканың көптік етпейтіні белгілі. Әу баста совхозда істемегендіктен бұларға жер ғана тиген. Күш-көліктерді өз күштерімен біртіндеп сатып алып жатыр. Қазір мұнда «Беларус» тракторы, «Газ – 53» машиналары бар. Биыл шағын тиегіш техникасын алып еді, ол суға кетіп қалды. Алапат тасқын оны қаңбақ құрлы көрмей көлдің ішіне апарып салып жіберді. Құжатын дайындап та үлгірмеген. Техника табылғанымен, қозғалтқыштарының бәріне су, құм толып кеткендіктен іске көп жарамсыз.

Ағасы отбасымен малдың басында, інісі қалада тұрады. Қалада тұрады деген аты болмаса үнемі мал басында жүреді. Өздерінің сыртында тағы екі адамға жұмыс тауып беріп отыр. Біреуі – ауылдасы, біреуі – сырттан келіп істеп жатыр. Жұмысшыларының жалақыларын үзбей, уақытылы беріп тұрады. Басқа да көмектерін алады.

«Ата кәсіптің пайдасы мол. Еңбектенген адамды жерге қаратпайды. Жылқы малын да көбейтпекшіміз. Әзірше, отыз бас жылқымыз бар. Ұсақ мал тез көбейеді. Сол себепті, қой-ешкі ұстағанның берекесі де мол. Әттең, малшы шықпайды. Әйтпесе, екі жүз-үш жүз мың теңге еңбекақыларын беріп тұрар едік», – деп ағынан жарылады ағайындылар.

Иә, «мал баққанға бітеді» деген. Бұрын бұл жігіттердің баққан малдары бруцеллез болып, банкротқа ұшыраған кездері де болды. Соған қарамастан ата жұрттан алыстап, ата кәсіптен қол үзген жоқ. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей сыртқа шықса елді аңсап тұрады.

 

Мұрат Жүнісұлы

    Арқалық қаласы

 

 

   

 

Жаңалықтармен бөлісу