Биыл тазалық акциясына Әулиекөл жұрты да белсене қатысып жатыр. Апта сайын аудан көркіне нұқсан келтіріп тұрған орындарды жинастырып, ретке келтіреді. Бейсенбі күні 500 адам көшелерді, жол бойын тазалауға шықты.
Мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, кәсіпкерлер тізе қосып, барлығы 400 текше метрден артық қоқыс жинап шығарды. Оған 27 техника күші жұмылдырылды. Аудан орталығының шеткі және орталық көшелерінде қаулап өскен шөптер қырқылып, қурап қалған ағаштар кесілді.
Іс-шарада білім мекемелерінің ұжымы ерекше белсенділік танытып жүр. Мысалы, Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжін айта кетуге болады.
«Біз «Таза Қазақстан» акциясына ұжым болып ат салыстық. Ауданымыздың тазалығын сақтауға үлес қосып, шәкірттерімізге үлгі көрсеттік. Тазалық өзімізден басталады. Осыны естен шығармауымыз керек. Бүгін аудан көшелерін жинап, шөп жұлдық. Аудан тұрғындарын «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясына қатысуға шақырамыз», – дейді колледж директоры Альмира Жансүгірова.
Акцияның тазалық жасаудан бөлек, жастардың бойында елге, табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін ояту идеясы бар. Қолға күрек, тырма ұстаған үлкендер әңгіме барысында осыны да айтып жүрді. Айналаңа салғырт қарап, салақтық танытсаң – еліңе де, өзіңе де жаның ашымағаны. Мұны түсінетін жеткіншектер де бар.
«Біз көше бойындағы арамшөпті жұлу, шабу жұмыстарын істедік. Орақ пен арнайы шөп жұлатын аппараттарды иығымызға асынып, жан-жаққа бөлініп еңбек еттік. Аудан тазалығын сақтауға барын салып жүрген замандастарыма ризамын», – дейді Әулиекөл ауданы аппаратының маманы Бекнұр Шаймерденов.
Акция әлі де жалғасады. Әулиекөлдіктер енді өзен-көлдердің жағасын тазалауға шыққалы отыр.