Жаздың алғашқы күні Лисаков аспанын түрлі-түсті батпырауықтармен көмкерген «Аспан асты жиһанкездері» фестивалімен басталды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шара биыл үшінші мәрте ұйымдастырылды.
Балалар мен жасөспірімдерді гаджеттен алыстатып, техникалық шығармашылыққа баулуды көздеген фестиваль – «Акцент» телекомпаниясы мен Лисаков қалалық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының бірлескен жобасы. Алғаш рет 2022 жылы басталған бастама бүгінде жақсы дәстүрге айналып келеді.
Фестивальге қатысқан балалар өз қолдарымен жасаған батпырауықтарын үш номинация бойынша ұшырды: «Богатырь» – ең ауыр әрі мықты құрылғы, «Воздушный эксклюзив» – ең ерекше дизайн, «Властелин неба» – ең биікке көтерілген батпырауық.
Нәтижесінде, 510 грамм салмағымен рекорд орнатқан «Каспер» батпырауығының авторы Михаил Шуршин «Богатырь» атанды. Елена Лебёдкина ерекше дизайны үшін «Воздушный эксклюзив» номинациясын жеңіп алса, бас жүлде – «Властелин неба» және велосипед Роман Максимовқа бұйырды. Оның батпырауығы 48 метр биіктікке жетіп, фестиваль тарихында жаңа белесті бағындырды.
Жас жеңімпаз Роман өз құрылғысын ата-анасы, атасы және әжесімен бірге бір апта бойы дайындаған. Ол батпырауықтың ұшу биіктігі оның конструкциясы мен жел бағытына тәуелді екенін айтып, арнайы тактика қолданғанын бөлісті.
Фестивальдің ұйымдастырушысы Юрий Григорьевичтің айтуынша, бұл шара – балалардың ойлау қабілетін дамытуға, шыдамдылық пен шығармашылыққа баулуға арналған маңызды қадам.
«Аспан асты жиһанкездері» енді тек Лисаков емес, бүкіл өңір жастары асыға күтетін мерекеге айналуда. Алдағы жылдары фестиваль ауқымы кеңейіп, одан да көп баланы шабыттандырады деген сенім бар.
Ақмоншақ ДҮЙСЕНБЕК,
ҚӨУ студенті
Лисаков қаласы