Аманкелдіде қос мереке қастерленді

Аманкелдіде қос мереке қастерленді

«Тәуелсіздік» саябағында «Ұлттық домбыра күні» және «Астана күніне» арналып «Нағыз қазақ – Домбыра» атты мерекелік іс-шара өрбіді.

Кеш барысында домбырашылар күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» және «Халық композиторы Н.Тілендиевтің Әлқисса» күйлерін көпшілік түрде орындады.

Салтанатты ашылуында аудан әкімі Қанат Кеделбаев құттықтау сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Есім Дауылбаев пен Жұлдызайым Олжағұловаға «Аманкелді ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады.

blank

Сондай-ақ, облыстық «Халық шығармашылығы және кинобейнеқор» орталығының әдіскері Мұрат Нағашыбай да жылы лебізін білдіріп, қос мерекенің маңыздылығын атап өтті.

blankЕсім Жетпісбайұлы құрылыс саласында кәсіби маман ретінде көп еңбек сіңірген азамат. Мемлекеттік қызметте де абырой биігінен көрініп, село әкімі, аудан әкімінің орынбасары болып зейнеткерлікке шыққанша бірнеше жыл жемісті еңбек еткен. Қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Ал, Жұлдызайым Жұмағұлқызы болса мәдениет саласының ардагері. Елу жылдан астам уақыт бойы бір салада тапжылмай еңбек етіп, ұзақ жылдар бойы аудандық мәдениет үйінің тізгінін ұстап, қысылтаяң жылдары ошағын өшірмеген жан.

blank

Бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болған. Қоғамдық ұйымды басқарып, әлі де сол ұйымға мүше болып,белсенді жұмыс істеп келеді.

blank

«Бұл – елдің дамуына ерен еңбек сіңіріп, халықтың алғысына бөленген азаматтарымызға көрсетіліп жатқан лайықты құрмет. Жалпы, біз биыл аудан әкімінің ұсынысымен, аудандық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауымен 4 адамға осындай құрметті атақ беріп жатырмыз. Таяуда ғана жерлесіміз,сахна шебері Шара Мүсілова апайымызға 70 жас мерейтойында арнайы апарып тапсырған болатынбыз. Ол кісі Аманкелді ауданы және Арқалық қаласындағы театрларда айтулы актрисалардың бірі болып,қазір де І.Омаров атындағы облыстық драма театрда бірталай жыл еңбек сіңірген ардагер. Сол сияқты, өнер тарланы,ақын,композитор Бейбіт Оспанға да осындай атақты табыстадық. Бейбіт Тынымбайұлы шығармашылық өнерімен қатар елге өлшеусіз көмек көрсеткен тұлға. Республикаға кеңінен танымал атақты «Ақ шағала» хит әнінің авторы Әсіресе,пандемия кезінде дәрі-дәрмек көмегін жоғары жақтан ұйымдастырып, асқан белсенділік танытты. Аманкелді атамыздың 150 жылдық мерейтойы аталып өткенде де елге,жерге жанашыр тұлға екендігін көрсетті. Ауданымызды абаттандыруға да айтарлықтай үлес қосып, 200 түп ағаш егуге мұрындық болды», – дейді Аманкелді аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлыбек Әлмағанбетов.

Мерекелік кеште ұлттық аспабымыз – киелі домбыраны насихаттап, ауданның мәдени дамуына зор үлес қосқан өнерпаздар да аудан әкімінің «Алғыс хатымен» көптеп марапатталды.

blankblankblankМерекелік кеш соңы аудан өнерпаздарының күшімен әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.

Мұрат Жүнісұлы

Аманкелді ауданы