Конституциялық құндылықтар іс жүзінде: Қостанайда инклюзивті спорттың мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Конституциялық құндылықтар іс жүзінде: Қостанайда инклюзивті спорттың мүмкіндіктері кеңейіп келеді

Қазақстан Республикасының Конституциясы адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айқындайды. Ата Заңда бекітілген әлеуметтік мемлекет қағидаты азаматтардың лайықты өмір сүруіне, әлеуметтік қолдау алуына және әр адамның әлеуетін жүзеге асыруына қажетті жағдайлар жасау бағытындағы жүйелі жұмысты көздейді.

Бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі – инклюзивті ортаны дамыту, соның ішінде дене шынықтырумен және спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейту. Қостанай облысында бұл бағытқа ерекше назар аударылып отыр. Өңір орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа мүмкіндіктер ашатын Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды.

Орталықтың іргетасын қалау рәсімі Республика күні қарсаңында өтті. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Болашақ ғимараттың ауданы — 2 517 шаршы метр, ал аумағы — 1,4 гектар. Орталық 100 орынға есептелген. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Мұнда сурдофутбол, отырып ойнайтын волейбол, сурдобадминтон, парапауэрлифтинг, мүгедектер арбасындағы би және үстел теннисімен айналысуға жағдай жасалады. Осылайша, спортшылар жаттығу жасап, шеберліктерін шыңдап, жарыстарға дайындалуға мүмкіндік алады.

Салтанатты рәсімге мүгедектер арбасындағы би бойынша Қазақстанның спорт шебері Аруна Жақсағұлова және 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының парашаңғы жарысынан чемпионы Александр Колядин қатысты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қостанайда Инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталады. Біз осы айтулы оқиғаға үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз. Жаңа орталық спортшыларға өз әлеуетін ашуға, жаттығулар өткізуге және жарыстарға қатысуға тың мүмкіндіктер береді деп сенемін», – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.

Қостанай облысында 30 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 12,7 мыңында дене шынықтырумен және спортпен айналысуға медициналық қарсы көрсетілімдер жоқ. Мамандандырылған инфрақұрылымды дамыту тұрақты жаттығуларға қолжетімділікті арттырып, өңір тұрғындарын спортқа кеңінен тартуға мүмкіндік береді.

Мұндай жобалардың маңызы дене дайындығымен ғана шектелмейді. Спорт адамның өз күшіне деген сенімін нығайтуға, алдына мақсат қойып, нәтижеге жетуіне және қоғамның бір бөлігі екенін сезінуіне ықпал етеді. Қажетті жағдайлар жасалған кезде әр адам өзінің физикалық ерекшеліктеріне қарамастан, қабілетін дамытуға және өзін-өзі жүзеге асыруға көбірек мүмкіндік алады.

Бұл міндеттер Конституцияда бекітілген әлеуметтік мемлекет қағидатымен, заң алдында жұрттың бәрі тең екендігі және адам құқықтарын қорғау нормаларымен үндеседі. Инклюзивті қоғам қалыптастыру үшін құқықтық кепілдіктерді бекіту ғана емес, әр адамның өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін қолжетімді инфрақұрылым құру да маңызды.

Инклюзивті спортты дамыту жұмыстары облыс орталығындағы басқа да жобалармен қатар жүзеге асырылуда. Республика күні Қостанайда футбол алаңы, жүгіру жолақтары, 1 000 орындық трибуналары, баскетбол және волейбол алаңдары бар көпфункционалды стадион ашылды. Сонымен қатар жаттығулар өткізуге және түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға арналған Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды.

2023 жылдан бері Қостанай облысында 40-тан астам спорт нысаны салынды. Қазіргі уақытта үстел теннисі орталығының, Тобыл қаласындағы Спорт сарайының, жабық хоккей кортының және Арқалық қаласында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда.

Спортпен айналысуға жағдай жасау, қолжетімді ортаны дамыту және мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндіктерін кеңейту – әлеуметтік мемлекет қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдар. Осындай бастамалар арқылы конституциялық құндылықтар күнделікті өмірде көрініс тауып, әр адамның дамуына мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыруға негіз қаланады.

Ж.Балғынбекұлы