Республика күні және Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойына орай «РЕСПУБЛИКАМ – РУХЫМНЫҢ АСҚАҚ ЖЫРЫ!» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Өнер додасына қала өңірінен алдын ала іріктеуден өткен 10 талантты қатысушы бақ сынап, туған елге деген сүйіспеншілігін, тәуелсіздікке деген құрметін жалынды жырларымен жеткізді.





Сахна төрінде сөз құдіреті салтанат құрып, әрбір өнерпаздың шынайы сезімі мен орындаушылық шеберлігі сынға түсті.

«Өнерге қолдау – болашаққа деген сенім. Әрдайым еліміз өркендеп, жас дарындардың жұлдыздары жанып, қазақтың қасиетті сөз өнері мәңгі жасай берсін», – дейді жас таланттарға қанат бітіріп, ұлттық рухты ұлықтаған тағылымды іс-шараның ұйымдастырушысы «Абадан» әдеби-көркемөнер үйірмесінің жетекшісі Мейрамбек Айбекұлы.
Байқау қорытындысында үздіктер анықталып, барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды.

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің І курс студенті Айдана Нұрбекқызы байқау жеңімпазы атанды.
«Бүгінгі жеңіс мен үшін үлкен қуаныш әрі зор мәртебе. Бұл байқау өз өнерімді көрсетіп қана қоймай, туған елге деген сүйіспеншілігімді жыр арқылы жеткізуге мүмкіндік берді. Әрбір қатысушының өнері ерекше әсер қалдырды. Осындай рухани шараны ұйымдастырып, жас таланттарға қолдау көрсеткен жандарға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл жеңіс – алдағы шығармашылық белестерге бастар алғашқы қадамым деп білемін», – дейді ол.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы
