“Көп жылғы “бас ауруы” еді”. Кәсіпкер ауылдастарының мәселесін шешіп берді

“Көп жылғы “бас ауруы” еді”. Кәсіпкер ауылдастарының мәселесін шешіп берді

Аманкелді ауданының тұрғындары жеке кәсіпкер Дүйсенбек Айтбаевты жақсы таниды. Әсіресе, Құмкешу ауылының халқы жомарт жүректі азаматқа үнемі алғыс айтып отырады. Былтыр кәсіпкер ешкім батып бармаған ерлік істі жасады.

 Құмкешуліктердің көптен бері шешімін таппай келе жатқан ең үлкен мәселесі бар. Ол – көктем сайын бас ауруға айналатын тозығы жеткен көпір. Қыстағы қар суын малға ауыз су ретінде пайдалану үшін арнайы орын керек екені анық. Ал Құмкешуде ондай орын бар, бірақ ертеректе салынған Қыртоқанай бөгеті уақыт өте жырылып, қар суы басқа жаққа қарай ағып кете беретін. Соның зардабынан ауыл малы жақын маңда орналасқан шабындық жерге түсетін. Ел азаматы Дүйсенбек көптен ойында жүрген осы мәселені шешу үшін ауыл жігіттерімен бірлесіп, өзінде бар техниканы іске қосып және арнайы құм таситын көлік жалдап бірден жұмысқа кіріскен. Бұл өткен жылы 9 қазанда басталып, ай аяғында аяқталған. Он бес күнге созылған жұмысқа ұзын-ырғасы 245 рейс жасалып, жақын маңнан құм тасылды.

— Бөгет жасауға 4500 кубқа жуық саз топырақ, 2,5 миллиондай қаражат кетті. Шыны керек, ауыл қырында қоғамдық табында малға арналған су жоқ. Бағым кезінде бұл мәселе үлкен қиындық тудырып, салдарынан малдарың барлығы ойға түседі. Бірінші кезекте шабындықты жайпап кетеді. Үш жылдан бері бөгейміз, бөгетті дұрыстаймыз деп ойша жоспар құрып жүргенбіз. Бірақ “қалай бөгейміз, қайтсек дұрыс болады?” деген сұрақтар маза бермеді. Шешімі былтыр шықты. 2022 жылы жүк тиегіш көлік сатып алдық. Қолда бар бульдозерді пайдаланып, КамАЗ-дар жалдап, жігіттермен келісіп, басына үй тіктік. Екі жүз тоннадан астам саз топырақ төселді. Біз құм төсеген жер Арқалық–Торғай тас жолы бойында, Құмкешу ауылының солтүстік-батысында 7 шақырым жерде орналасқан. Кеңес үкіметінің тұсында 7 отар қой болған. Тіпті көлдегі су қыста да қалып, малдарға су ішуге мүмкіндік болатын. Кейін бәрі құрыды. Көлдің ұзындығы – 3 км, ені – 1.5. Бөгеттің жалпы ұзындығы – 1.5 км. Бөгелген жердің ұзындығы – 30 метрдей, ені – 15 метр, биіктігі 8 метрге жуық. Енді ауыл малы емін-еркін жаз айында су іше алады. Көлдегі су күз-қыс айларына дейін тұрады. Құмкешу халқына да рахмет. Былтыр күз айында киіз үй тігіп, жұмысты бастағанда ауылдағы кәсіпкерлер түскі ас ұйымдастырды. Ауыл әкімі де қолдан келген көмегін аямады, — дейді Д. Қалибекұлы.

Алғыс арқалаған азамат деп осындай жігіттерді айтса керек… Өткен тарихқа үңілетін болсақ, бұрынғы бөгетті Сұнтай әулие ұрпағы Молдағұл деген кісі халықты жұмылдырып салдырған көрінеді. Ол заманда ауыр техника болмағандықтан, бөгет қолда бар құрал-сайманмен салынған. Ұзындығы бір шақырым шамасында болса керек. Қырдан бөгетке құлаған мол су балығы мол, айналасына аң-құс жиналған үлкен көлге айналған. Уақытында жағалай көмкеріле өскен қалың тал көгеріп алыстан жайқала көзге шалынатын болғасын “Көктоғай” аталған. Бөгет суымен ақ тары, бидай, өзге де дәнді дақылдар егіліп, өнімі ел мұқтажын өтеген. Үлкендердің айтуынша, қолдан тұрғызылған бөгеттер Торғай өңірінде көптеп кездеседі. Салынғанына жүз жыл жобасы болған бөгет кеңес үкіметі тарағанша ел игілігінде болған. Артель болып ұжымдасқан жылдары бөгет суымен егін егілсе, совхоз тұсында бірнеше қой отары осы жерде өсірілген екен. Кейінірек бөгет әр жерден опырылып, су арнасы тартылғасын шаңы көтеріліп күтімсіз қалған. Ауыл әкімі Асылан Хамитбекұлы бөгеттің қазіргі таңдағы сапасы өте жақсы деп отыр.

— Қыртоқанай бөгетінің бүгінгі таңдағы су ұстау деңгейі қуантарлық жағдайда. Бұрын қырдан келген қар суы төмен қарай ағып, ешқандай су қалмаушы еді. Қазір бәрі жақсы. Ауыл малдары су ішіп, көл маңында жүр. Елден Дүйсенбек секілді ағамыздың бас көтеріп шығып, халық қамын ойлағаны – біз үшін үлкен қуаныш. Бөгет мәселесі тек бізде ғана емес, басқа ауылдарда да кездеседі. Ауыл халқы Дүйсенбек Қалибекұлына дән риза, — дейді ауыл әкімі.

Бибіт НҰРМҰХАНОВ,
Аманкелді ауданы

Жаңалықтармен бөлісу