Кішкентай бишілердің үлкен жеңісі

Кішкентай бишілердің үлкен жеңісі

Астана қаласында өткен «Dance Mania» халықаралық би байқауына Жанкелдин ауданындағы «Dan-As» шығармашылық үйірмесінің «Еркетай» би ансамблі қатысып, бас жүлде иегері атанды.

Кішкентай өнерпаздар елорда сахнасында өзбек биін билеп, астаналықтардың ерекше құрметіне ие болды. Аталған байқауда Қазақстанның барлық облыс-қалаларынан, Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен жас бишілер келіп, бақ сынаған.

– Көп дайындалдық. Кішкентай балалардың бабын табу қиын. Олардың көңілін табу үшін жылы сөйлеп, жұмсақтық танытқан дұрыс. Себебі олар бір-бір үйдің еркетайлары. Ізденіп жүріп, халықаралық байқауға қатысамыз деп шешім қабылдадық. «Dan-As» шығармашылық үйірмесінің өнім берушісі, жеке кәсіпкер Асхат Сафарғалиев бұл ұсынысымызды қолдап, демеу болды. Нартәуекел деп Астана қаласына келдік. Бір күн тынығып алып, келесі күні конкурста бақ сынадық. Қатты қобалжыдым, – дейді «Еркетай» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Сымбат Таңатқанқызы.

Бұл бүлдіршін бишілердің үлкен сахнаға алғаш шығуы. Сондықтан, әлдеқалай болар екен деп, жетекшісі қатты уайымдағанын айтады.

– «Қостанай облысының «Еркетай» би ансамблін шақырамыз» деп хабарлағанда жанымды шүберекке түйіп, теңселіп жүріп кеттім. Абырой болғанда, сәтті билеп шықты. Көрермендердің үздіксіз соққан шапалағына көңіліміз көтеріліп қалды. Қорытынды сәтте қобалжу сезімі тіпті үдеді. «Бас жүлде, «Еркетай» би ансамблі» дегенде қалай айқайлап жібергенімді байқамадым. Қуаныштан көзімен жас та шығып кетті. Балаларымен еріп барған ата-аналар да маған қосылып сахна сыртында жылап тұр. Аллаға шүкір, еңбегіміздің жанғаны. Бұл облысымыз үшін үлкен мәртебе», – дейді Сымбат.

«Dan-As» шығармашылық үйірмесі 2022 жылы 24 ақпанда ашылды. Қазіргі таңда 127 оқушы «Домбыра», «Эстрада», «Вокал», «Халық аспаптары», «Заманауи би», «Кескіндеме сурет», «Қағаз модельдеу», «Театр» бағыттары бойынша дәріс алуда. Мұндағы мұғалімдердің барлығы жоғары білімді. Өз ісінің кәнігі мамандары. Жылдық жоспарға сәйкес, ашық сабақтар, дөңгелек үстел, тренингтер мен концерттер уақытылы өтіп тұрады. Таяуда «Екі жұлдыз» байқауын өткізіп, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленді. Әр мереке сайын көрмелер ұйымдастырып отырады. Қысқасы, аудан көлеміндегі барлық іс-шаралар Б.Хамзин атындағы өнер мектебі мен «Dan-As» шығармашылық орталығының мұрындық болуымен өтіп келеді.

Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жанкелдин ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу