Көлқамыстықтар баспаналы болды

Көлқамыстықтар баспаналы болды

Бүгін Жанкелдин ауданы Көлқамыс ауылында қоныс тойы! Көктемгі алапат су тасқынынан зардап шегіп, баспанасынан айырылған жергілікті тұрғындарға арналып салынған үйлер пайдалануға берілді.

Ұзын саны 19 отбасы асықтыра күттірген жаңа шаңырақтың кілтін иеленді.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы, құрылыс мердігерлері, өңірге, елге танымал ақсақалдар қатысып, қуаныш иелеріне құттықтау лебіздерін жолдады.

“Табиғи апаттан 1283 үй зардап шекті. Олардың 468 қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Сол сәттен бастап Президент тапсырмасымен құрылыс қызып, оған “Қазақстан халқына” қоры бастаған ұйымдар мен мердігер компаниялардың арқасында бүгінгідей қуанышты сәтке жеттік. 153 үйдің құрылысы бітіп, міне, соңғы легін тапсырып отырмыз. Осымен өңірдегі тасқыннан кейінгі үй құрылысы толық аяқталды деуге негіз бар. Құрметті көлқамыстықтар, жаңа қоныстарыңыз құтты болсын”, — деді Ринат Зәкиұлы.

Рәсім соңы көңілді концертке ұласып, ауылдықтар үйді-үйді аралап, өзара қуаныштарын бөлісті.

 

Толығырақ — газеттің алдағы санында.

Жандос ЖҮСІПБЕК 

Суреттерді түсірген Ернұр Әуезхан 

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу