Қостанай облыстық кардиологиялық орталығында қолқаның аорталық қақпақшасын ауыстыру бойынша алтыншы жоғары технологиялық ота сәтті жасалды.
Кеуде қуысын ашпай, жалпы наркозсыз және жүректі тоқтатпай орындалатын бұл әдіс ауыр жүрек ауруына шалдыққан науқастардың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді. Жаңа әдістің көмегімен ем алған 69 жастағы Рудный қаласының тұрғыны Надежда Рязанцева келісі күні-ақ өздігінен жүріп, шалқасынан жатып ұйықтай алған.

Қостанай облыстық кардиологиялық орталығының бас дәрігері Дмитрий Лобковпен сұхбаттасып, жаңа технологияның артықшылықтары, кімдерге қолданылатыны және өңірдегі жоғары технологиялық кардиохирургияның даму барысы туралы білдік.
– Дмитрий Владимирович, Надежда Рязанцева медициналық көмекке қандай шағымдармен жүгінді?

– Надежда Рязанцева аз ғана қимылдаса да ентігіп, үнемі шаршайтынын айтып келді. Соңғы апталарда жағдайы қатты нашарлап, тіпті жатып ұйықтай алмайтын күйге жеткен. Сондықтан жартылай отырып, кейде тік отырып қана ұйықтауға мәжбүр болған. Әрине, мұндай белгілер пайда болған кезде дәрігерге ертерек, бірнеше ай бұрын жүгінгені дұрыс еді. Әсіресе егде жастағы адамдар мұндай симптомдарды елемеуге болмайды. Біз емханамызда кешенді тексеру жүргізіп, соның ішінде жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасадық. Нәтижесінде аорталық қақпақшаның аса ауыр тарылуы, яғни критикалық стеноз анықталды. Қалыпты жағдайда қан жүректен аортаға қақпақша арқылы еркін өтеді. Ал қақпақша қатты тарылған кезде қанның өтуі қиындап, жүрекке түсетін жүктеме артады. Науқастың ентігуі, тез шаршауы және тыныс алуының қиындауы осыдан туындаған.
– Неліктен бұл жағдайда кеуде қуысын ашпай жасалатын ота таңдалды?
– Емдеу тәсілін таңдағанда науқастың жасын, қосымша ауруларын және дене салмағының жоғары болуын ескердік. Мұндай жағдайда ауруды емдеп қана қоймай, операцияның жарақаттылығын барынша азайту маңызды. Кардиохирургтер, кардиологтар мен реаниматологтардың қатысуымен консилиум өткізілді. Мамандар барлық қауіп-қатерді бағалап, аорталық қақпақшаны сан артериясы арқылы жеткізілетін арнайы жүйенің көмегімен ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл әдісте кеуде қуысын ашудың қажеті жоқ. Науқасқа және оның туыстарына процедураның қалай жүргізілетіні, артықшылықтары мен ықтимал қауіптері түсіндірілді. Олар ұсынылған емге келісім берді. Одан кейін қажетті өлшемдер жүргізіліп, науқастың жүрек анатомиясына сәйкес келетін жеке қақпақшаға тапсырыс берілді. Қақпақша жеткізілген соң Надежда Рязанцева операцияға жатқызылды. Тағы бір маңызды жайт – операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жасалды. Науқас зейнеткер болғандықтан, жеңілдік санатына жатады және оның сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді. Осылайша, ол қымбат әрі жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алды.
– Отаның өзі қалай жүргізіледі? Дәстүрлі әдістен айырмашылығы қандай?
– Орталық қақпақшаны ауыстырудың негізгі екі тәсілі бар. Біріншісі – кеуде қуысын ашып жасалатын дәстүрлі операция. Ол жалпы наркозбен жүргізіледі. Науқастың жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне қарай биологиялық немесе механикалық қақпақша орнатылады. Екінші тәсіл – біз қолданған транскатетерлік аорталық қақпақша имплантациясы. Бұл кезде жаңа қақпақша арнайы жеткізу жүйесі арқылы сан артериясынан жүрекке дейін енгізіліп, қажетті орынға орнатылады. Кеуде қуысын ашудың қажеті жоқ. Әр науқасқа қажетті қақпақшаның өлшемі жеке анықталады. Сондықтан операция алдында мұқият диагностика жүргізіп, анатомиялық өлшемдерді дәл есептеу керек. Сонымен қатар бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысы аса маңызды. Бұл әдістің басты артықшылығы – операциялық жарақаттың аздығы және науқастың әдетте тезірек қалпына келуі. Дегенмен бұл тәсіл барлық адамға бірдей жарай бермейді. Операция түрі әр науқастың жағдайына және тексеру нәтижелеріне қарай жеке таңдалады.
– Надежда Рязанцеваның отасы қалай өтті?
– Ота сәтті өтті, асқынулар болған жоқ. Сенбі күні жасалды. Ал жексенбіде науқас шалқасынан жатып, тыныш ұйықтай алды. Ентігуі айтарлықтай азайды. Қазір бөлімшеде өздігінен жүріп жүр. Біз үшін бұл өте маңызды нәтиже. Жақында ғана тыныштық күйінде де қатты ентігіп, дұрыс ұйықтай алмаған адамның отадан кейінгі күні-ақ өзін әлдеқайда жақсы сезінуі – көңіл қуантатын жағдай. Әрине, алда әлі де қалпына келу кезеңі мен дәрігерлердің бақылауы бар. Дегенмен алғашқы нәтижелер оң динамиканы көрсетіп отыр.
– Мұндай отадан кейін қалпына келу қаншалықты жылдам жүреді?
– Айырмашылық едәуір. Кеуде қуысын ашып жасалатын дәстүрлі операциядан кейін қалпына келу екі айға дейін созылуы мүмкін. Әрине, бұл мерзім науқастың жалпы жағдайына, қосымша ауруларына және операциядан кейінгі кезеңнің қалай өтетініне байланысты. Ал транскатетерлік әдістен кейін қалпына келу, әдетте, әлдеқайда жылдам. Егер асқынулар болмаса, науқас келесі күні-ақ орнынан тұрып, жүре алады. Бірақ жаңа технология дәстүрлі хирургияны толығымен алмастырады деп түсінбеу керек. Кейбір науқастарға ашық операция жасау қажет. Сондықтан соңғы шешімді мамандар жан-жақты тексеруден кейін қабылдайды.
– Бұл әдіс Қазақстанда қаншалықты кең таралған? Қостанай облысы үшін оның маңызы қандай?
– Қазақстанда мұндай оталар бес жылдан астам уақыттан бері жасалып келеді. Менің білуімше, республикалық кардиохирургиялық орталықта жыл сайын осындай 700-ден астам операция орындалады. Біздің орталық үшін маңызды кезең – республикалық комиссияның Қостанай облыстық кардиологиялық орталығына да осындай операцияларды жүргізуге рұқсат беруі болды. Қазіргі уақытта облысымызда бұл бағыт бойынша операция жасайтын орталық – біздің мекеме. Биыл осы әдісті тәжірибеге енгізіп, алғашқы алты операцияны орындадық. Барлығы сәтті өтті. Бұл – өңірдегі жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту жолындағы маңызды қадам. Енді бірқатар науқас заманауи ем алу үшін міндетті түрде Астанаға бармай, қажетті көмекті Қостанайдың өзінде ала алады.
– Облыста мұндай операцияларға сұраныс қаншалықты жоғары?
– Біздің бағалауымыз бойынша, Қостанай облысында жылына шамамен 70 осындай ота қажет болуы мүмкін. Қазір біз осы бағыттағы тәжірибемізді біртіндеп арттырып жатырмыз. Сондықтан әзірге науқастардың бір бөлігі Астанаға жіберіледі. Мұндай операцияның артында тек заманауи құрал-жабдық пен күрделі технология ғана емес, үлкен командалық жұмыс тұрады. Дұрыс диагноз қою, науқасты мұқият дайындау, қақпақшаны жеке таңдау және операциядан кейінгі білікті бақылау – табысты емнің негізгі шарттары.
– Бұл емдеу тәсілі өте қымбат па? Науқастар үшін қолжетімділігі қандай?
– Бұл – жоғары технологиялық әрі қымбат медициналық көмек. Қақпақшалар шетелден әр науқасқа жеке тапсырыспен алынады. Бір қақпақшаның орташа құны бес-алты миллион теңгені құрайды. Бұл тек медициналық бұйымның бағасы, емдеуге жұмсалатын өзге шығындар оған кірмейді. Әрине, мұндай операцияның ақысын өз қалтасынан төлеу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан операциялардың МӘМС жүйесі аясында қолжетімді болуы біз үшін өте маңызды. Орталығымызға осындай араласуларды жасауға рұқсат берілгеніне және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жаңа емдеу әдістерін енгізуге қаржы бөліп отырғанына қуаныштымын. Бұл өңір тұрғындарына бұрынғыдан да көп мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – заманауи медициналық технологияларды тек ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де қолжетімді ету.
– Осындай белгілері бар адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең алдымен, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырмауға кеңес беремін. Үнемі шаршау, күнделікті үйреншікті қимыл кезінде ентігу, дене белсенділігіне төзімділіктің төмендеуі, әсіресе шалқасынан жатып ұйықтай алмау – жүрек ауруларының белгісі болуы мүмкін. Жағдайдың тым нашарлауын күтудің қажеті жоқ. Науқас неғұрлым ертерек тексерілсе, дәрігерлер ауруды уақытында анықтап, тиімді емдеу тәсілін таңдауға соғұрлым көбірек мүмкіндік алады. Қазіргі кардиологияда жүректің күрделі ауруларын емдеуге арналған түрлі әдістер бар. Олардың ішінде операциялық жарақатты азайтып, науқастың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік беретін аз инвазивті технологиялар да бар. Біз үшін ең бастысы – Қостанай облысының тұрғындары сапалы медициналық көмекті дер кезінде алып, жаңа технологиялар соған мұқтаж адамдар үшін қолжетімді болуы.
