Қостанайдағы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы басшысының міндетін атқарушы Айым Молдабекова жас өркеннің қиялы жасанды интеллект элементтерін пайдаға жаратуды шебер меңгеріп жүргенін айтады.
Оның айтуынша, 2010-2024 жылдар аралығында өмірге келген сәбилер әлемдік ғылымда «Альфа буыны» деп аталады. Қазіргі уақытта мектеп қабырғасында дәл осы буынның балалары біліп алып жүр. Тікелей шаһар мектептерімен етене жұмыс істейтін ұйым қызметінің негізгі бағытын оқушылардың осы ғылыми ізденістерін қолдауға арнаған. Сонымен қатар мектептерге әдістемелік бағыт-бағдар беруде негізгі рөл атқарады.
«Облыс орталығында 36 мемлекеттік және бірнеше жекеменшік мектеп бар. Біз бәрімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Оқушылардың әртүрлі пәндер бойынша ізденістерін ынталандыру мақсатында ғылыми жұмыстар мен жобалар байқауын ұйымдастырамыз. Бұрын тек қана 9-10 сыныптар аралығында зерттеу жазып, қорғайтын. Соңғы жылдары бұл үрдіске 2-сынып шәкірттері де қосылды. Қазіргі таңда 2-8 сыныптар аралығында «Зерде» ғылыми бағыты белсенді жүріп жатыр», – деді ол.
Әліппемен енді ғана қоштасқан 2-сынып оқушысы не зерттейді екен? Аға буынның көзқарасымен олар 6,7 жасар балғындар. Ал бүгінгі заманның өлшемімен олар бір-бір тұлға. Цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект өзгерістерін үлкендерден артық меңгеріп алады. Ақпарты тез қабылдайды. Жас буынның қиял әлемі қандай сипатқа ие екені бізге де қызық.
«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл цифрландыру және жасанды интелелкт жылы болып жарияланды. Балалардың ғылыми бағыттағы жұмыстары да осы тақырыпты қамтуда. Мысалға, бұрын ұлттық болмыстың бастауы бесік жырынан басталса, қазіргі балаларды жаһандық трендтер біріктіреді. Бұрын балғындарымыз әлди-әлдимен ұйықтап, санаға ізгілікті сіңірсе қазір цифрлық мәдениеттің жемісі Лабубу ойыншығымен психологиялары қалыптасуда. Ұрпақ сабақтастығы мен балалар қызығушылығының трансформациясын көрсететін үлкен жол ғылыми тақырыптардың өзегіне айналуда. Сонымен қатар сабақ оқуда ЖИ-ді қалай қолданамын? Бала психологиясының дамуына ЖИ-дің әсері қандай? — деген сан алуан тақырыптарды оқушылардың өздері зерттеуде. Бұл бір ғана мысал. Шын мәнінде ғылыми жұмыс байқауында мектеп оқушылары әр түрлі тақырыпты қаузайды. Өте қызық. Жаңашыл көзқарас, соны бағыт», – дейді Айым Молдабекова.
Қостанайдағы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы «Менің кіші отаным», «Мен ғылымды таңдаймын» байқауларының да қалалық кезеңдерін ұйымдастырады. Жеңімпаздарға облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға жолдама береді.
Сондай-ақ «Махамбет оқулары, «Әбіш оқулары» сияқты сайыстарды өткізіп, нар тұлғалы ақын-жазушылардың еңбектерін дәріптеуге үлес қосуда. Маман қостанайлық өрендердің деңгейін өте жоғары деп бағалап отыр. Мәнерлеп оқудан Жангелдин, Амангелді ауданының оқушылары жақсы жетістікке жетіп жүрген көрінеді.
Ал ғылыми жобалар бойынша Қостанай, Рудный қалаларының шәкірттері алдыңғы қатарда. Республикалық ғылым, білім олимпиадаларына мысалға, қаладан 10 оқушы аттанса соның бесеуі міндетті түрде жүлде алып келеді. Бұл көрмсеткіш қостанайлық оқушылардың деңгейі жоғары екенін білдірсе керек.
Қымбат ДОСЖАНОВА
