Кеншілер қаласында ақынжанды еңбек адамы тұрады

Кеншілер қаласында ақынжанды еңбек адамы тұрады

Рудный қаласының тұрғыны Ғалымгерей Кенжеғозиннің есімі өңір халқына айтыскер ақын ретінде жақсы таныс. Ол – талай додада өз шеберлігін көрсете білген, тыңдарман жүрегіне жол тапқан, көптеген айтыстың жеңімпазы.

Суырыпсалма ақын болса да, оның өмірі тек өнермен шектелмейді. Ол еңбек адамы ретінде де үлгілі. Өнер мен еңбекті біріктіріп, өндіріс саласында да, шығармашылықта да сан қырынан танылып жүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканы дамытуда кәсіптік білім беруді реформалаудың маңызын атап өтіп, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама еліміздің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуында үлкен мәнге ие. Өйткені жұмысшы мамандықтары ел экономикасын дамытудың негізі саналады. Ғалымгерей Кенжеғзин секілді өнер мен еңбек арасындағы үйлесімді тауып жүрген адамдар осындай мамандықтардың маңыздылығын арттырады.

Жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі ерекше. Ғалымгерей Кенжеғозин Соколов-Сарыбай кен байыту өндірісінде табысты жұмыс істеп жүрген азамат. Оның айтуынша, өнер мен еңбек – адамның маңызды тірегі. Еңбек адамының қоғамда алатын орны зор.

Президент: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», – деген еді.

«Мен Жанкелдин ауданының тумасымын. Бала кезімнен еңбекке араласып өстік. Біздің ауылда 22 отар қой болатын. Жаз мезгілінде қозы суаруға баратынбыз. Он екі жасымнан бастап отарлардың жем-шөбін дайындайтын бригадада тракторшының көмекшісі болдым. Оқу бітірісімен ала жаздай шөп шабатынбыз. Таңертең алакеуімде оятып алады, содан күн батқанша тырмада отырасың. Кеңес үкіметі құлаған жылдары өзіміздің шаруашылықта жұмыс істедім. Қой бағу, болмаса шөп шабуға көмектестім. 1997 жылдың көктемінде әскер қатарына алынып, елге келген соң Рудный қаласына қоныс аудардық. Содан бері әр салада жұмыс істедім. Бүгінде Соколов-Сарыбай кен байыту өндірісіне жұмысқа тұрып, тұрақтадым», – дейді Ғалымгерей Кенжеғозин.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ақын жігіт өз мамандығы бойынша еңбек еткісі-ақ келеді. Әттең, бұл саланың айлығы шайлығына жете бермейтіні көңілге кірбің салады. Жігіт ағасы қарап қалмады, кен орнына жұмысқа тұрды. Ал өнерді ешқашан тастаған емес.

 «Өндірістік немесе өзгеде салаларда еңбек ететін өнер адамдарына қолдау көрсету қажет. Біздің облыста жылына екі-үш рет ақындар айтысы өтеді. Сол додаға қатысар кезде  ғана аудан, қалалардың намысын қорғауға мені іздеп қалатыны налытады. Қала, аудандардың мәдениет үйлерінде айтыскер ақын деген штат ашылса деп ойлаймын. Сол елді мекеннен қатысатын өнерпаздардың басын қосып, дайындап, тәрбиелер едім. Айтыс пен термешілер сайысына жастарды баптар едім, – деген ішкі қынжылысын да жасырмады. – Еңбек өз алдында ер жігітке кәсіп, бала-шаға жағдайын жасау парызың. Өйткені жауапкершілігі сенің мойныңда. Ал өнерге келетін болсақ, бойға қанмен берілетін дарындылық деп білемін. Өнер жолында да еңбектену керек, ізденіссіз алға қойған мақсаттарға жету қиын. Еткен еңбегіңе ұқыпты болып, жұмысыңды жақсы көңіл-күймен жасау керек деп ойлаймын. Себебі жасаған жұмысыңа бар өнеріңді салсаң, еңбегіңнің жанғаны».

Айтыс өнеріне деген ықыласы мен еңбекке деген құрметі – қоғамның екі маңызды құндылығын біріктіруге деген ниетін айқын көрсетеді. Өнер мен еңбек, шығармашылық пен өндіріс, білім мен тәжірибе арасындағы теңгерімді сақтау – болашақ ұрпақ үшін маңызды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу