Қайғылы оқиғаға себепші болған көлік жүргізуші екі жылға сотталды

Қайғылы оқиғаға себепші болған көлік жүргізуші екі жылға сотталды

Әулиекөл аудандық сотында жол ережесін сақтамаған жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпты 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға өткен жылдың тамыз айында болған. Әулиекөл ауданы Новонежин ауылында “Volkswagen Polo” маркалы автокөлігінің жүргізушісі қонақ үй кешенінің автотұрағынан автожолға шықпақ болған. Бірақ ол өзінің маневрінің қауіпсіздігіне көз жеткізбей, басты жолда келе жатқан М. басқарған “Камаз-5410” маркалы автокөлігіне жол бермей соқтығысқан.

Ал ол болса “МАЗ-650108” маркалы автокөліктің тұрған тіркемесімен соқтығысқан. Салдарынан “Камаз-5410” маркалы автокөлігін басқарған М. дене жарақатынан көз жұмды. Марқұмның кәмелетке толмаған ұлының денсаулығына да зиян келді.

Сот талқылауы барысында прокурор автокөлік құралын басқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы К. кінәсін толық мойындап, материалдық залалды толық көлемде, сондай-ақ ішінара моральдық зиянды өтеді.

Ал жәбірленуші тарап нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
Айта кетейік, жаза бойынша ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігінің санкциясы бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасыз жазаны көздейді.

“ҚК 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығы аз қылмыстарға жатады. К.-ның қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот шын жүректен өкінгенін ескерді. Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар белгіленбеген”, – деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жәбірленушінің пікірін, сотталушының жеке басын ескерді.

Сондай-ақ, сотталушыны 2 жыл бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Оның үстіне, ол 3 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Сурет ашық дереккөзден алынды

Жаңалықтармен бөлісу