Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қабырғасында «Ғылым, білім, болашақ» атты ғылыми-ағартушылық бағыттағы ауқымды кітап көрмесі көпшілікке есігін айқара ашты.
Танымдық іс-шара жас ұрпақтың ғылымға қызығушылығын оятып, білімнің қоғам дамуындағы шешуші рөлін кеңінен насихаттауды көздейді. Сонымен қатар көрме келешекке деген сенімді нығайтып, интеллектуалды ұрпақ қалыптастыру идеясын алға тартады.

Көрме сөрелеріне әлемдік және отандық ғылымның алтын қорына енген еңбектер қойылған.
Оқырман назарына Әбу Насыр әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев, Альберт Эйнштейн, Ыбырай Алтынсарин сынды ой алыптарының еңбектері ұсынылды. Бұл туындылар ғылымның сан қырлы саласын қамтып, оқырманды терең ізденіске, таным көкжиегін кеңейтуге жетелейді.
«Көрме құрылымы бірнеше ірі тақырыптық бөлімнен тұрады. Атап айтқанда, «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық прогресс», «Гуманитарлық білім» және «Жас ғалымдарға жол» атты бағыттар қамтылған. Әр бөлімде ғылыми жаңалықтар, заманауи зерттеулер мен болашақ мамандықтарға қатысты әдебиеттер жүйелі түрде топтастырылған. Көрме бір жыл бойы жұмыс істейді. Негізгі мақсатымыз – оқырманға ғылымның даму бағытын көрсетіп қана қоймай, оны ойлануға, зерттеуге ынталандыру», – дейді кітапхананың оқу залының меңгерушісі Ботагөз Бекболатова.
Салтанатты ашылу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Басқосу барысында сөз алған қонақтар ғылым мен білімнің ел дамуының берік тірегі екенін атап өтті. Жастардың сапалы білім алып, мемлекеттің болашағына үлес қосуы — қоғам алдындағы маңызды міндет екені де кеңінен қозғалды.
«Мемлекет басшысы 2025 жылдың шілде айында Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитінде 2026 жылды «Білім және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялау бастамасын көтерді. Қазақстан ғылымы ел тағдырымен әрдайым тығыз байланысты болды. Ол түрлі тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінгі технологиялық және инновациялық даму жолының негізін қалады», – дейді философия ғылымдарының кандидаты Денис Качеев.
Іс-шара аясында танымдық викториналар ұйымдастырылып, кітаптарға шолу жасалды, сондай-ақ жас зерттеушілердің шағын баяндамалары тыңдалды.
«Осындай іс-шаралардың жиі өтуі біздердің ғылымға деген ынтамызды, қызығушылығымызды арттырады. Әсіресе, қазіргі 21 ғасырда ғылым-білімді игеруге талпыну, ол елімізде білікті мамандардың алдыңғы қатарлы буыны көп болуын үндейді», – дейді Аружан есімді университет студенті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрме қала тұрғындарын ғылым мен білім әлеміне жетелейтін рухани алаңға айналмақ.
Зарина ЖҰМАҒҰЛОВА,
ҚӨУ 4 курс студенті
