Жангелдин аудандық Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде өткен «Торғай Аруы – 2026» байқауын Ақкөл ауылының аруы Аяжан Қалқаманқызы жеңіп алды.
Жүлделі III орын мен ІІ орынды Торғай ауылының арулары Айым Дарханқызы, Балнұр Рүстемқызы бөлісті.

«Көрермен көзайымы» номинациясы Көкалат ауылының аруы Еркеназ Айбасқызына, «Көшбасшы келбет» номинациясы Сужарған ауылының аруы Кәусар Асланқызына, «Көркем мінез» номинациясы Қызбел ауылының аруы Ақсұңқар Шайынғазықызына, «Сахна саңлағы» номнациясы Қалам – Қарасу ауылының аруы Қарақат Қазымбекқызына берілді.
Арулар ең алдымен сахна төрінде сұлулығы мен өнерін, ақыл-парасаты мен талғамын паш етті.
Қатысушылар таныстыру, шығармашылық кезеңінен өтіп, сән үлгісін көрсетті. Сұрақ-жауап арқылы парасат-пайымы сыналды.
«Торғай музейлер кешенінің» басшысы Гүлбану Сәрсекей, Жангелдин ауданы білім беру бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Айнұр Әлібекова және Болат Хамзин атындағы өнер мектебінің хореография бөлімінің мұғалімі, «Ерке наз» би ансамблінің жетекшісі Сымбат Еріковалар арулардың әрбір қимылын, сөз саптасын, сахнада өзін ұстау мәдениетін, тапқырлығы мен алғырлығына баға берді.
«Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өз өнерлерін лайықты көрсете білді. Барша аруларға сәттілік пен биік белестер тілейміз», – дейді Жангелдин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Асанханқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Жангелдин ауданы
