Тобыл қаласындағы Қостанай ауданаралық сотында алаяқтық бабы бойынша ерлі-зайыпты Ромашкиндерге қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Жәбірленушілерден жауап алу әлі аяқталған жоқ.
Бүгін, тамыздың 19-ы күні тағы да бірнеше жәбірлеуші сот алдына келді.
Айта кетейік, залал мөлшері екі жүз миллион теңгеден асады. Отыз үш жәбірленуші бар. Олардың залал көлемі әртүрлі, яғни 1 млн теңгеден астам он бес млн теңгеден асып жығылады.

Бірінші болып жауап берген жәбірленуші Садовое ауылында Виталий Ромашкинмен бала күнінен бірге өскен көршісі екенін айтады.
«Өмір бойына Виталиймен көрші болып келдік. Кейін ол Ольгаға үйленді. Яғни Ольгамен де таныстық. 2023 жылдың 17 маусымында Ольга маған үйге келіп шетелден сатып алынған көлікті кедендік ресімдеу үшін шұғыл ақша керек екенін айтып, менен қаржылық көмек сұрады. Ол кезде менде ондай ақша жоқ еді. Ол несие алып берші деді, мен көп жылдан бері көрші болған соң, сөзіне сеніп «Каспий банк» қосымшасы арқылы 1 млн теңге несие алып бердім. Бір жетіден соң, яғни 23 маусымда келіп ақша жетіспейтінін айтып, тағы да несие алуымды өтінді. Бірақ маған 560 мың теңге мақұлдады банк. Барып қолма-қол шешіп алдық. Екі несие де 4 жылға рәсімделген. Ешқандай қағаз жүзінде келісім-шарт болмады, себебі көз ашқалы араласып келген көршіміз болған соң сендім», – дейді жәбірленуші.
Алайда, Виталий Ромашкин 2025 жылдың екінші наурызда келіп қолхат жазып беріп кеткен. Сот Серік Айбасов ақша сұрауға Ольга Ромашкина жалғыз келсе, неліктен Виталий Ромашкин қолхат жазып бергенін сұрады.
– Екеуі сізден несие алуды сұрады ма? – деді сот.
– Жоқ, Ольга тек өзі келді, – деді жәбірленуі.
– Онда неліктен қолхатты Виталий жазып берді? – деді сот Серік Айбасов.
– Білмеймін. Виталий келіп, біз сенен ақша алғанымызды жоққа шығармайтынымыз жөнінде қолхат жазып берейін деді. Мен қарсы болмадым. Өйткені, өзі келіп тұрған соң қарсы болмадым. Сосын қолхаттарын банк алдында көмектесе ме деп сұрап едім, ол жоқ деді. Несие төлеуді доғарасыңдар ма деп сұрадым, Виталий иә деп жауап берді. Себебі төлейтін ешқандай ақшамыз жоқ деді, – дейді жәбірленуші.
Осылайша алған несиелерін 2025 жылдың ақпан айынының соңына дейін төлеп келіп, наурыз айынын төлемін жүргізбеген. Себеп – ақшаның жоқтығын айтқан.
Сот Серік Айбасов сот отырысы барысында бірнеше рет сотталушылардың қорғаушысына ескерту жасады. Оған сот барысына мән бермей отырғанын айтты. Себебі, сот қойған сұрақты қайталап қойып отырды. Сот болса, бұл сұрақ қойылып, нақты жауап алынғанын жеткізді.
Келесі жәбірленуші Игорь Сидегов ол Виталий Ромашкиннің әріптесі екен. Ерлі-зайыптылар Игорь Сидеговтің үйіне барып, оны несие алып беруге көндірген. Егер 15 млн теңге алса, үстіне 3 млн теңге сыйақысымен қайтарамыз деп, нотариусқа барып келісім-шарт та жасасқан.
«Басында түбегейлі қарсы болдым. Кейін қайта-қайта қоймаған соң алып беруден басқа амалым қалмады. Сосын «Халық банктен» 7 млн теңге, «Форте банктен» 8 млн теңге неие рәсімдедім. Олар бір айдың ішінде екі берешекті де жауып береміз деді, тіпті нотариуске барып келісім-шартқа да отырдық. Алайда бір айдан соң толық жаппады, тек ай сайын төлеп отырды. Осылайша 2024 жылдың мамырынан желтоқсанына дейін төлеп келді. Ал қаңтар айында ақшалары жоқ екенін айтты», – дейді жәбірленуші.
Жәбірленуші Игорь Сидеговтің сөзінше, артынша төлемей қойған соң жұбайы екеуінің ортақ табыстарынан төлеуге тура келген. Біршама уақыт өткен соң Виталий қоңырау шалып жұбайы Ольга Ромашкина баратынын айтқан. Жәбірленуші барлық ақшаны төлеу үшін келе жатқан шығар деп ойлаған.
«Кешке олар келіп, сөйлесіп отырдық. Сосын Ольга тағы да ақша керектігін айтты. Мен бірден ат тонымды ала қаштым. Алайда араға бірер күн салып келе берді. Біздің келіспеуге амалымыз қалмады. Маған несие мақұлдамағандықтан, жұбайым несие алды. Осылай қарызға баттық та қалдық. Осы адамдардың кесірінен қайыршылық күйге түстік деуге болады. Ай сайынғы төлем 500 мыңға жуық. Бастапқыда төлегенмен, артынша шамамыз жетпей қалды», – дейді жәбірленуші.
Жәбірленушілердің сөзіне назар аударар болсақ, сотталушылардың ақша сұрағандағы себептері бірін-бірі қайталайды. Яғни, қолхат жазып берейін, кеденде тұрған көлікті рәсімдеуге қажет деген себептерді айтып отырған. Жәбірленушілерден жауап алу жалғасып жатыр.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – автор
