Елу пәтерлі үй пайдалануға берілді

Елу пәтерлі үй пайдалануға берілді

Арқалықта көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынып жатқан елу пәтерлі үйдің құрылысы сәтті аяқталып, пайдалануға берілді.

«Тұмар» деп аталатын жаңа тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов пен құрылысты салған «BAZIS» компаниясының басшысы Павел Белович қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, пәтер иелерінің кілттерін өз қолдарымен табыс етті.

Еске сала кетсек, табиғи апаттан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің бизнес құрылымдарына әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде үндеу жасаған болатын. Нәтижесінде көптеген ірі компаниялар өздерінің көмектерін жасап, қиындыққа тап болған отбасыларды қолдауға үлестерін қосып, белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсете білді. Соның дәлелі ретінде, аталған кәсіпорынның қаражаты есебінен аз уақыт ішінде 5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын кешенінің құрылысын жүргізіп, қолданысқа беріп отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов өз сөзінде Қостанай облысы елімізде су тасқынынан кейін қалпына келтіру жұмыстарын бірінші болып аяқтағанын атап өтті.

«Өткен су тасқыны халыққа едәуір материалдық зиян келтірді. Алғашқы кезекте тұрғын үй инфрақұрылымы зақымданды. Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Қалыпқа келтіру жұмыстары дереу қолға алынды. Облыс бойынша барлығы 1283 үй зақымданды, оның ішінде 468 үй қалпына келтіруге жатпайды. 815 үйді жөндеу қажет. 315 отбасы дайын тұрған үй сатып алуды шешті. 153 отбасы жеке тұрғын үй салуды ұйғарды. Бүгінгі таңда үй сатып алу, салу және жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтадық», – деді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Ол сондай – ақ, қысқа мерзімде Аманкелді, Жанкелдин, Қостанай аудандарында,  Қостанай және Арқалық қалаларында үй салынғанын атап өтті.

 «Қазіргі таңда 468 отбасының жаңа, жайлы баспанасы бар. Қоныстанушыларбұрынғы тұрғын үй жағдайларын едәуір жақсартты. Бұл мемлекет пен қоғамдық қорлардың бірлескен жедел күш-жігерінің арқасында мүмін болды. Олар осындай қиын-қыстау кезеңде өз бірлігін танытты. Мұның бәрі елімізде тұрып жатқан адамдардың ұйымшыл, мейірімді, жанашыр екенін көрсетті. Енді біз апаттың салдарын еңсере алдық деп нық айта аламыз», – деді Арман Тарғынұлы.

Салтанатты шақта баспаналы болушылардың атынан Еркін Досбергенов ризашылығын білдіріп, абыз ақсақал Мұхтар Ходенов батасын берді.

Сал дәстүрімізге сай шашу шашылды. Елу пәтерлі үйдің барлық инженерлік коммуникациялары өткізіліп, сыртқы-ішкі құрылыстары толығымен аяқталып, маңайы абаттандырылып ел игілігіне берілді. Пәтерлерде ас үйге арналған техника мен тоңазытқыш, гарнитурлар орнатылған. Аз күнгі қиындықты ұмытқан ағайын баспаналы болып арқа-жарқа.

Қойшы Әлмағанбетов,

пәтер алушы:

– Кешегі тасқын судан зардап шеккен адамдарға Президентіміз қамқорлық жасап пәтермен қамтамасыз етіп отыр. Ел атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Мен Жанкелдин ауданы, Албарбөгет ауылының тұрғынымын. Пәтеріміздің кілтін алып зор қуанышты болып, толқып тұрмын.

Дүйсенбай Белгібай,

пәтер алушы:

– Арқалық қаласына қарасты Қызылжұлдыз ауылының тұрғыны боламын. Өзіме де, балама да жаңа үйден пәтерлер беріп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Қиын кезеңде далада қалдырмай қамқорлық жасап жатқан үкіметімізге алғысымызды білдіреміз.Үй жақсы. Көңілімізден шықты. Құрылысты жүргізен компанияға да шын жүрегімізден алғыс айтамыз.

Хануза Жалмағанбетова,

пәтер алушы:

– Северный кентінде тұрғанмын. Үйіме су кетіп, тұруға жарамсыз болып қалды. Енді, міне жаңа үйден пәтер иеленіп, қуанышты болып тұрмын. Бір балам бар. Жақында келін түсірмекшімін. Бұл үй бізге құтты қоныс болғалы тұр.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу